Кадрлық резервке алынғандардың 80%-ы түрлі қызмет атқарып жүр — Агенттік
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде 4-ші рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өтеді. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті түсіндіру жиынын өткізді.

Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып келеді және мемлекеттік басқару ісіне талантты, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды тартуға бағытталған.
— Осыған дейін кадрлық резервке үш рет іріктеу өткізілді. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдары өткізілген іріктеуге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты. Нәтижесінде резервке 400 адам қабылданды (2019 жылы — 300 адам, 2021 жылы — 50 адам, 2023 жылы — 50 адам), — деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.
Резервке қабылданған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда қызмет атқарып жүр, яғни жалпы санының 80%-ы жұмыспен қамтылған.
Биыл 1-30 маусым аралығында Президенттік жастар кадрлық резервіне төртінші рет іріктеу өтеді және 50 адамды резервке алу жоспарланған.
Биылғы іріктеуде әр сала бойынша нақты квота белгіленеді. Кандидаттардың біркелкі санын қалыптастыру үшін әр кезеңде пропорционалды іріктеу өткізіледі. Атап айтқанда, іріктеу 6 салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі.
Кандидаттардың жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімді, 5 жыл еңбек өтілі және қазақ тілін меңгеру деңгейі В1 деңгейінен төмен болмауы керек. Іріктеуге Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады және маусым-қазан айларында өткізіледі. 1-30 маусым аралығында резервке алу үшін кандидаттардың құжаттары арнайы ақпараттық жүйеде онлайн қабылданады.
Екінші кезеңде — 2-10 тамыз күндері мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңі өтеді. Талапқа сай келетін барлық кандидаттың мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі.
Тестілеу қорытындысы бойынша келесі кезеңге — ситуациялық тапсырмаларды шешуге үздік нәтижеге қол жеткізген 600 кандидат (оның ішінде әрбір салалық бағыт бойынша 100-ден аспайтын кандидат) жіберіледі.
Үшінші кезең — ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі (16–17 тамыз). Ол кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді. Нәтижесінде, 22 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін кандидаттардың құзыреттерін бағалау кезеңіне 300 кандидат өтеді.
Төртінші кезең бағалаудың екі блогынан тұрады: ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық (22–28 тамыз) Мемлекеттік басқару академиясында оффлайн форматта өтеді. Ол кандидаттардың бойындағы мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы қажетті құзыреттерді (көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, сендіре білу, проактивтілік) бағалауға бағытталған.
Ассессмент-орталықтан өту қорытындысы бойынша 200 қатысушы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтуге жіберіледі. Құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып, 23–28 қыркүйек күндері өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңге 150 қатысушы жіберіледі.
Бесінші кезең — сарапшылық комиссиямен сұхбат 8–15 қазан аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидат ұсынылады.
Алтыншы кезеңде резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін 25 қазанға дейін Ұлттық комиссия отырысы өтіп, қазан айының соңына дейін шешім шығарылады.
Айта кетейік, бұған дейін Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді биыл қандай сынақ күтіп тұрғанын жазғанбыз.