Қалың малды мәһір деп санауға болады – Діни басқарма пәтуа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ дәстүрінде қалың мал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады. Бұл пәутаны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі мәлімдеді.

Қазақ дәстүріндегі қалың малды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар. Кейбір хорезмдық және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалың малды тездетіп берілетін мәһір деп санаған.
Имам әл-Касани «Неке қию барысында қыз разылығын ашық айтуға ұялғанындай, мәһірін сұрауға да қысылады. Қыздың үндемеуі оның разылығын білдіргеніндей, мәһірін әкесі алып жатқанда да үндемеуі разы екендігін білдіреді. Әдетте әкесі мәһірді алғаннан кейін үстіне қаражат қосып, қыздың артынан жиһазын алып барады», - деп жазған.
Кейбір ғалымдар қалың малды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз т.б.) есесіне берілетін сыйлық деген. Ибн Абидин: «Неке қиярда «дустиманды» мәһір деп айтса, онда ол тездетіліп берілген мәһір есебінде болады әрі күйеуі жасауын алып келуді талап ете алмайды. Ал неке қиярда мәһір деп айтылмаса, ол қарымта қайтару шартымен берілген сыйлық болып саналады. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыпқа сай қыз тарапынан жасау талап ете алады», - деген.
Ғұламалар кеңесінің шешімімен: күйеуі тарапынан берілетін қалың малды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
Ал «әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді.
«Қалың мал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһір-мисл береді», - деп жазылған мүфтият сайтында.
Осыған дейін Kazinform агенттігі ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынған еді.