Камчаткада тағы да жер сілкінісі болды – цунами қаупі бар

АСТАНА. KAZINFORM — Камчатка түбегіндегі елді мекендерде жер сілкінісі сезілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ФИЦ ЕГС РАН Камчатка филиалына сілтеме жасап.

Камчаткада тағы да жер сілкінісі болды – цунами қаупі бар
Фото: t.me/kbgsras

Жер сілкінісі Петропавл-Камчатский қаласынан 123 шақырым қашықтықта, 46,8 км тереңдікте тіркелді. Магнитудасы – 6,3 балл.

Камчаткадағы цунамиді бақылау және ескерту орталығының есептеулеріне сәйкес, Тынық мұхиты акваториясында болған бұл зілзаладан кейін цунами толқындарының келуі мүмкін.

Болжам бойынша:

  • Алеут муниципалды округіне – толқын биіктігі 26 см-ден аспайды

  • Усть-Камчатск муниципалды округіне – 37 см-ге дейін

  • Петропавл-Камчатский қалалық округіне – 9 см-ге дейін

  • Сондай-ақ Маячный мүйісі мен Халактыр жағажайы маңында 120 см-ге дейінгі толқындар болуы мүмкін.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі келесіні ескертеді:

  • Толқындардың биіктігі аса үлкен емес, дегенмен жағалаудан алыстау қажет

  • Ешқашан жағаға барып, цунамиді көруге тырыспаңыз! Бұл өте қауіпті болуы мүмкін

  • Жағалаудағы кемелерге, ашық рейдте тұрған немесе кең кіреберісі бар шығанақтардағы кемелерге 50 метрлік изобата шегінен тысқары – ашық мұхитқа шығуға кеңес беріледі. Бағыт – жағалауға перпендикуляр болуы тиіс.

30 шілде күні Камчатка маңында өте күшті жер сілкінісі тіркелген болатын – бұл 1952 жылдан бері ең ірі зілзала. Магнитудасы 8,8 баллға жеткен. Сол кезде Камчаткада жоғары дайындық режимі енгізіліп, жер сілкінісі Солтүстік Курильск аймағында да қатты сезілген.

Жер сілкінісінің салдарынан Тынық мұхитында цунами пайда болды, оған байланысты Жапония, АҚШ және Филиппин билігі де қауіп жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар