Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін жанартаулар атқылай бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Камчаткада бес жанартауда бір мезгілде белсенділік байқалуда, сол себепті оларға жақындауға болмайды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін жанартаулар атқылай бастады
Фото: wikipedia.org

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің аймақтық басқармасы келесі жанартаулар туралы мәлімет берді:

  • Ключевской — жанартау шыңында атқылау жалғасып, күшейіп келеді, стромболи типіндегі жарылыстар, күл лақтыру және лава ағындарының түсуі байқалады. Күл бұлттарының биіктігі 10 км-ге дейін жетуі мүмкін.

  • Шивелуч — экструзивті-эксплозивті атқылау жалғасуда, күл шығарындылары 8 км-ге дейін көтерілуі ықтимал.

  • Карымский — шыңдық атқылау жалғасуда, күл лақтыру 8 км-ге дейін жетуі мүмкін.

  • Безымянный — әлсіз экструзивті-эксплозивті белсенділік тіркеліп отыр, әлсіз күл шығарындылары болуы мүмкін.

  • Камбальный — жанартауда сейсмикалық белсенділік тіркелуде, бұл жарылысты атқылауға әкелуі ықтимал. Күл бұлттарының биіктігі 6 км-ге дейін жетуі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, Шивелуч пен Ключевской жанартауларының белсенділігі 30 шілдеде болған жойқын жер сілкінісінен кейін күшейе түскен.

Камчаткадағы зілзаладан кейінгі жағдай

30 шілдеде Камчатка маңындағы теңізде 8,8 магнитудалық жойқын жер сілкінісі болды. Бұл — 1952 жылдан бері тіркелген ең қуатты сілкініс. Жер сілкінісі Тынық мұхитында цунамиді тудырды. Осыған байланысты Жапония, АҚШ және Филиппин билігі қауіп туралы ескерту жариялады.

Сейсмологтардың дерегі бойынша:

  • Бір тәулікте 146 афтершок тіркелген, магнитудасы 3,2-ден 6,2-ге дейін.

  • Адамдар тұрған жерлерде 20-дан астам дүмпу 2–5 балл аралығында сезілді.

  • Қазіргі таңда 160-тан астам адам уақытша орналастыру пункттерінде тұрып жатыр.

  • РФ ТЖМ психологтары тұрғындармен жұмыс жүргізіп жатыр.

Сейсмикалық белсенділік біртіндеп төмендеп келе жатқанына қарамастан, ол әлі де жоғары деңгейде. Ғалымдардың болжамынша, афтершоктар бірнеше айға дейін жалғасуы мүмкін.

Камчаткадағы жер сілкінісінен кейін Ключевская Сопка жанартауы атқылай бастағанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар