Камчатканың үш ауданындағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі күшейді

АСТАНА. KAZINFORM —  Бұған дейін Камчаткада Крашенинников жанартауы атқылағаны хабарланған, деп жазады ТАСС агенттігі.

Камчатканың үш ауданындағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі күшейді
Фото: Михаил Синицын / ТАСС

Тынық мұхиты акваториясында болған афтершоктан (жер сілкінісінен кейінгі дүмпу) кейін Камчаткада биіктігі 19 см-ге дейін жететін цунами толқындарының жақындауы мүмкін. Бұл туралы Ресей ТЖМ-нің аймақтық Telegram-арнасында хабарланды.

— Камчаткадағы цунамиді бақылау және алдын алу орталығының есептеулеріне сәйкес, Тынық мұхиты акваториясында болған жер сілкінісінен кейін Алеут муниципалды округіне — 19 см-ден аспайтын, Усть-Камчатка муниципалды округіне — 15 см-ден аспайтын, ал Петропавловск-Камчатка қалалық округіне — 3 см-ден аспайтын толқындардың жетуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Камчаткада Крашенинников жанартауы атқылаған болатын.

— Крашенинников жанартауының жарылыс түріндегі атқылауы 2 тамыз күні UTC бойынша сағат 16:50-де (Мәскеу уақытымен 19:50-де) басталып, теңіз деңгейінен 3–4 км биіктікке күл көтерілді. Бұл — осы жанартаудың тарихтағы алғашқы тіркелген атқылауы, — делінген хабарламада.

Камчатка өлкесінің ТЖМ мәліметінше, күлдің көтерілу биіктігі 6 км-ге дейін жеткен. Жанартау үшін авиациялық қауіптіліктің қызғылт сары (оранжевый) коды берілген.

— Күл шлейфі жанартаудан шығыс бағытта, Тынық мұхиты жағына қарай таралған. Шлейфтің таралу жолында елді мекендер жоқ. Елді мекендерде күл түсуі тіркелмеген. Жанартау маңында тіркелген туристік топтар жоқ, — деп нақтылады ведомство.

Жанартау Шығыс жанартаулық белдеуіне жатады, Кроноцкое көлінен оңтүстікке қарай 13 км, ал Петропавловск-Камчатский қаласынан 200 км жерде орналасқан. Ол — диаметрі 9 км-ге дейін жететін кальдера ішінде орналасқан, бірнеше жанартау конусы бірігіп қалыптастырған күрделі құрылым. Орталық кальдераның диаметрі 2 км, оның ішінде бір-біріне кіріктірілген екі конус бар. Ең кішкентайының биіктігі — 150 м, кратерінің диаметрі — 60 м.

Бұл ақпарат Kazinform үшін арнайы ТАСС агенттігінің серіктестігі арқылы берілген.

2025 жылғы 30 шілде күні таңертең Камчатка жағалауында қуатты жер сілкінісі болды. Бұл — 1952 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі. Билік өкілдерінің мәліметінше, оның магнитудасы 8,8-ге жеткен.

Жер сілкінісі Тынық мұхитында цунамидің туындауына себеп болды. Оның қаупі туралы Жапония, АҚШ және Филиппин билігі де хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар