Капитал тарту, мемлекет қаржыландыруын азайту – Отбасы банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы келісім орнатты

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халықаралық форумы шеңберінде Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) мен «Отбасы банк» АҚ арасында кеңес беру қызметтерін көрсету туралы келісімге қол қойылды.

Отбасы банк
Фото: Отбасы банк

Келісімге сәйкес, IFC қазақстандық банктің ортамерзімді даму стратегиясын іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу бойынша консультациялық қызметтер көрсетеді.

Бұл уағдаластық операциялық модельді күшейту және жетілдіру үшін, оның ішінде мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті төмендету мақсатында сыртқы капиталды тарту тәсілдерін де қамтиды. Сондай-ақ, жұмыс жоспарына жаңа қаржы өнімдерін әзірлеу және банктің қаржы нарығындағы бәсекеге қабілеттігін күшейту тетіктері кіреді.

Салтанатты қол қою рәсіміне Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы мен Түркия және Орталық Азия бойынша IFC директоры Вибке Шлёмер қатысты.

− IFC-мен келісімге қол қою – біздің стратегиялық трансформациямыздағы маңызды қадам. Біз тұрғын үйді несиелеу саласында көшбасшы болып қана қоймай, нарықтағы сенім мен тұрақтылықтың жаңа деңгейін орнатқымыз келеді. Қазір банктің қаржылық көрсеткіштері өскен. Мысалы, таза пайда 2020 жылы 31,7 млрд теңгеден 2024 жылы 120,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Банк активтері де 2,5 есеге – 2020 жылдың аяғындағы 1,7 трлн теңгеден 2024 жылдың аяғындағы 4,2 трлн теңгеге дейін өсті. Біз 592 мыңнан астам отбасыға қоныс тойын тойлауға көмектескенімізді мақтан тұтамыз. IFC-мен ынтымақтастық алдымызда жаңа көкжиектер ашады. Біз инновацияларды енгізуді, қызметтер спектрін кеңейтуді және тиімділікті арттыруды жоспарлап отырмыз, осылайша азаматтар армандаған өз баспанасын ала алады, − деп атап өтті Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Отбасы банк
Фото: Отбасы банк

Бұл ретте Л. Ибрагимова IFC директорын қыркүйек айында Алматыда өтетін тұрғын үй нарығын қаржыландыру тетігіне арналған үлкен халықаралық конференцияға шақырды.

− Біз үшін және клиенттеріміз үшін тек классикалық тұрғын үй жинақ жүйесімен, яғни адамның ұзақ уақыт бойы 50 пайызға дейін қаражат жинауымен шектелмей, баспана мәселесін шешетін басқа да құралдардың болуы өте маңызды. Сондықтан Халықаралық қаржы корпорациясының АҚШ-тан бастап Сингапурға дейінгі түрлі елдерде жұмыс істейтін сарапшылары мен кеңесшілерінің тәжірибесін ескеріп, өз өнімдерімізді жетілдіру мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Халықаралық ұйымның осы тәжірибесі биыл қыркүйекте Алматыда өтетін үлкен халықаралық конференцияда Отбасы банкіне жеке капитал тарту, мемлекеттік қаржыландыру үлесін біртіндеп қысқарту және әрбір қазақстандықтың Отбасы банкінің мүмкіндіктерін пайдаланып, баспана алуына жол ашатын шешімдер туралы айтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын, − деді Ләззат Ибрагимова.

Өз кезегінде В. Шлемер Қазақстанның тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық қаржыландыру секторының маңыздылығына ерекше мән беріп, оған көңіл бөліп келе жатқанын атап айтты.

− Тұрғын үй секторы – ел халқы үшін аса маңызды. Түрлі елдерде жұмыс істеген тәжірибеме сүйене отырып айта аламын, кей елдердің экономикасы дамып жатса да, тиімді жұмыс істейтін ипотекалық қаржыландыру жүйесі жоқ. Қазақстанда мұндай мықты іргетастың, тиімді бизнес-модельдің бар екені қуантады. Енді сіздер мұнымен шектеліп қалмай, әрі қарай дамуға қадам жасап, қолда бар ресурстар мен активтерді барынша тиімді пайдалану үшін капитал тарту жолдарын қарастырып отырсыздар. Бұл тәсіл біздің ұйымның стратегиясымен толық үндеседі. Біз серіктестік орната алатын институттардың көбейгенін көріп отырмыз, бұл тек өз қаржымызды пайдаланып қана қоймай, түрлі жекеменшік көздерден ұзақ мерзімді капитал тартуға да мүмкіндік береді, − деді Вибке Шлемер.

Айта кетейік, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) – дамушы елдердегі жеке секторға бағытталған ірі жаһандық даму институты. Ол қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, тұрақты экономикалық өсуді ынталандыру және қаржылық инклюзияны дамыту мақсатында бүкіл әлемдегі қаржы институттарымен белсенді жұмыс істейді.

IFC консультациялық бағдарламаларына қаржы институттарына корпоративтік басқару тәжірибесін, несиелік сын-қатерді бағалау процедураларын жетілдіруге және инновациялық қаржылық өнімдер мен қызметтерді әзірлеуге көмектесу кіреді. 2024 жылы IFC дамушы елдердегі жеке компаниялар мен қаржы институттарына жеке сектордың шешімдерін қолданып, кедейліктен азат әлем құру үшін жеке капиталды жұмылдыра отырып, рекордтық 56 миллиард доллар бөлген.

Ал Отбасы банк жуырда 3 миллионыншы депозиттің ашылғанын атап өтті. 2025 жылдың 5 айында депозиттер бойынша 454,9 млрд теңге түсім түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,5%-ға көп. Банк клиенттері өз үнемділігінің арқасында жинақ шоттарында 2,4 трлн теңге қаражат жинаған. Қазір еліміздің әрбір үшінші экономикалық белсенді тұрғыны «Отбасы банкіндегі» депозитке қаражат жинайды.

Жыл басынан бері банк 534,8 млрд теңге қарыз беріп, 26 331 қазақстандыққа тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3%-ға жоғары.

Соңғы жаңалықтар