Қаржы бөлінетін әрбір жобада міндетті түрде жас ғалымдар қамтылады - министрлік

ғылым
Фото: Kazinform/Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Наурыз 10 күн бойы тойланады. Ұлық мерекенің жаңа форматы бойынша 14-23 наурыз күндері – Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Атап айтқанда, 14 наурыз – Амал мерекесі, 15 наурыз – Қайырымдылық күні ретінде аталып өтті. Ал 17 наурыз – «Шаңырақ күні» болып белгіленді. 19 наурыз – Жаңару күні. Осы орайда, жаңалық атаулы ойлап табылатын ғылым саласы, оның ішінде жас ғалымдар жайында деректер ұсынуды жөн көрдік.

Биыл наурыз айының басында Парламент Мәжілісі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Онда ғылымды басқару моделін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін регламенттеуге, Ұлттық Ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған құқықтық нормалар қамтылған.

саясат нұрбек
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Заң жобасы Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 51-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 69-тармағын орындау үшін әзірленген. Заң жобасы аясында «Ғылым туралы» және «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңдарының қолданыстағы нормалары қамтылған және тиісті новеллалар қарастырылған. Біріншіден, ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіру ескерілген. Екіншіден, тиісті қолдау бағдарламаларымен (гранттық және нысаналы қаржыландыру) оларды қаржыландырудың негізділігі үшін ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің дайындығы дәрежесін айқындау тетіктерін енгізу ескерілген», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Үшіншіден, ғылыми-техникалық нәтижелерін коммерцияландыру, бизнес-акселерация, технологиялық бизнес-инкубациялау, технологиялық брокерлік бағдарламаларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі Ғылым қорының функционалын күшейту, сондай-ақ венчурлік қаржыландыру тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыру қарастырылған.

«Осы заң қабылданса, Ғылым қоры венчурлік қор ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, құжат аясында басқа да венчурлық инвесторларды, инвестициялық қорларды серіктестік негізінде ғылымды қаржыландыруға, ғылыми ұжымдармен жұмыс істеуге қатысты тиісті тетіктер пысықталады», - деді министр.

Заң жобасында Ұлттық ғылым академиясының мәртебесіне қатысты нормалар ескерілген. Құжат аясында жоғары ғылыми ұйым деген арнайы мәртебе берілмек. Сонымен қатар, құжатта ғылыми қызметкерлерді, оның ішінде жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту қамтылған.

Ғалымдарды ынталандыру мақсатында қазақстандық ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға құқық беру бөлігінде, қазақстандық ғалымдардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қамтамасыз ететін субъектілерге салық жеңілдігін беру бөлігінде бірқатар түзетулер көзделген.

Ғылыми гранттар қай салаларға беріліп жатыр

Қазіргі кезде 2022 және 2023 жылдары өткізілген конкурстардың қорытындысы бойынша, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру жобаларын грант арқылы қаржыландыру аясында экономиканың басым бағыттарында 137 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешені мен ауылшаруашылық шикізат өңдеуге бағытталған 52 жоба қолға алынған. Сондай-ақ:

  • цифрландыру саласында – 14 жоба
  • машина жасауда – 11 жоба
  • өңдеу өнеркәсібінде – 11 жоба
  • экологияда – 11 жоба
  • химия өнеркәсібінде – 9 жоба
  • денсаулық сақтау саласында – 8 жоба
  • геологиялық барлау, табиғи пайдалы қазбалар өндірісінде – 4 жоба
  • энергетика кешенін жаңғыртуда – 4 жоба
  • сапалы білімге арналған 3 жоба
  • жеңіл өнеркәсіп саласында – 2 жоба
  • металлургия, металл өңдеуде – 2 жоба
  • ұлттық қауіпсіздікті нығайту саласында – 2 жоба
  • мұнай-газ-химия саласында – 1 жоба
  • мемлекеттің бағдарламаларда көзделген басқа да салаларда 3 жоба грант арқылы іске асырылып жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрілігі мәліметіне қарағанда, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті. 2023-2025 жылдарға арналған ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайды, яғни ғылымға жалпы 643 млрд теңге инвестицияланады (2023 жылы – 158,6 млрд, 2024 жылы – 244,2 млрд, 2025 жылы – 240,2 млрд теңге). Сондай-ақ, кәсіпкерлер 5,9 млрд теңгеден астам сомаға қосымша қаржыландырды.

Бөлінген гранттар есебінен ғалымдардың орташа жалақысы екі есе өсті. 2022 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институттарының 700 жетекші ғалымы базалық қаржыландыру аясында жалақымен қамтамасыз етілген. Енді іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдар гранттық байқауларға қарамастан тұрақты қаржыландырылады. Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелері қабылдайтын шешімдердің объективтілігі мен негізділігі күшейтілді. Алғаш рет апелляциялық комиссия құрылды.

Былтырмен салыстырғанда ғалымдар саны артып келеді, оның ішінде 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі – 46 пайыз. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстанда ғылым саласында 22 456 ғалым жұмыс істеп жатыр (2022 жылы – 21 617). Олардың қатарында 10 мыңға жуық ғалым әйел бар

2023 жылғы мәліметке қарағанда, зерттеушілердің 37 пайызы ғылыми және академиялық дәрежеге ие. Атап айтқанда:

  • ғылым докторы – 1 743
  • ғылым кандидаты – 3 945
  • философия докторы (PhD) – 2 460
  • бейіні бойынша доктор – 96 адам.

Сондай-ақ, зерттеушілердің 46 пайызы немесе 10 327 адам – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Ал, 31 пайызы немесе 6 950 адам – 41-54 жастағылар болса, 23 пайызы (5 179 адам) – 55 жастан асқан ғалымдар.

инфо
Фото: Kazinform

«Қарапайым статистикаға сүйенсек, 1990 жылы бізде ғылыми-зерттеу институттарының 52 000 қызметкері мен ғылыммен айналысқан профессорлық-оқытушылық құрамы ресми түрде тіркелген. 2000 жылы немесе 10 жылдан кейін 12 мыңы қалды. Нақты айтқанда 30 мыңнан астам адамды жоғалттық», - дейді Ғылым министрі Саясат Нұрбек. 

Ғалымдар гранттық қаржыландыруға жарияланған конкурстарға қатысуға көптеп тартылып жатыр. 2023 жылы берілген өтінімдердің жалпы саны 3438-ге жетті. 2024-2026 жылдарға арналған қазіргі конкурсқа ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 4254 өтінім келіп түсті, яғни алдыңғы конкурстармен салыстырғанда 25 пайызға артық. Бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулер мен жобаларға белсенділік пен қызығушылықтың артқанын байқатып отыр.

Сонымен қатар, біраздан бері Қазақстанда ғылымның еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлесін арттыру, тауар өндіруде ғылыми және ғылыми-техникалық жетістіктердің нәтижелерін енгізу аясында ғылымды қажет ететін экономика құру бойынша жұмыстар атқарылып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында университет ғылымын дамытуға ерекше екпін қойылған. Онда басты назар үш негізгі бағытқа аударылған: ғылыми-технологиялық және инжинирингтік парктер құру, университеттер мен ғылыми ұйымдардың интеграциясы, эндаумент қорларын қалыптастыру. 

Қазір 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 4 бағдарлама мақұлданып, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен 2 технологиялық парк пен 2 инжиниринг орталығын құруға арналған келісім бекітілді. 2029 жылдың соңына дейін жалпы 7 мамандандырылған инжиниринг орталығы мен ғылыми-технологиялық парктерді ашу жоспарланған.

Министрлік 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орындарының базасында академиялық шеберлік орталықтарын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл өз кезегінде өңірлердегі ғылыми-инновациялық қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа оқу және ғылыми зертханаларды құруға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Атап айтқанда, 2020 жылы жас ғалымдарды қолдау мақсатында алғаш рет гранттық қаржыландырудың жаңа түрі енгізілді. Бұл ретте, келешегі зор ғылыми идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Гранттық қаржыландыру аясында ұйымдастырылған конкурстардың нәтижесінде жас ғалымдар 727 жобаны жүзеге асырып жатыр. 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулеріне грант бойынша 18 млрд теңге қарастырылған. Ғылым және жоғары білім министрілігі қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі 30 пайыздан кем емес», - делінген министрлік ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар