Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге жұмыс сапары аяқталды

Ақорданың баспасөз қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жұмыс сапары аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Кazinform.

тоқаев әлиев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған бағдарламасының (СПЕКА) саммитіне қатысу үшін бүгін Бакуге жұмыс сапарымен барған болатын.

Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Гянджлик резиденциясында қарсы алды.

Кейін қос президент келіссөз жүргізді. Кездесу барысында И.Әлиев Қазақстан президентін келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Одан әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА бағдарламасына қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысу үшін Гейдар Әлиев орталығына барды.

Саммитте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болғанын еске салды.

«Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты.

Бұдан бөлек, елімізде алдағы үш жылда 1300 км астам теміржол салу жоспарланғанын, Арал қасіретінің салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отырғанын атап өтті.

Қ.Тоқаев келесі жылы елімізде СПЕКА-ның панельдік сессиясын ұйымдастыруды ұсынды.

Айта кетейік, саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы (ЭСКАТО) Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Әл-Будайви сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар