Каспий теңізінің акваториясында бір айда 703 келі бекіре заңсыз ауланған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің Қазақстандағы акваториясында мамыр айында 703 келі бекіре заңсыз ауланған. Алдын ала залал сомасы – 279 млн теңге.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы мамыр айында 21 браконьерлік дерегінің жолы кесілген.
«Каспий теңізінің акваториясынан 8 жүзу құралы, жалпы ұзындығы 36,7 шақырым браконьерлік тор, 703 келі бекіре тұқымдас балық алынды. Алдын залал сомасы – 279 млн теңге. Бұл фактілер бойынша материалдар бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді», - деп хабарлады шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Еліміздің үш өңірі – Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысында 1 сәуір - 31 мамыр аралығында «Бекіре – 2024» кең ауқымдағы балық қорғау акциясы өтті.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, аталған акцияны өткізу үшін Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірлескен бұйрығы қабылданған.
«Акцияға батыстағы үш облыстан 1 177 қызметкер жұмылдырылып отыр. Оның ішінде 374 қызметкер Атырау облысында, 254 қызметкер Батыс Қазақстан облысында, ал 549 маман мен әскери қызметшілер Маңғыстау облысының аумағында акцияның сәтті өтуіне атсалысады. Олар 80 қайықпен, шағын көлемді жүзу құралдарымен, 254 автокөлік және квадрациклмен, 6 дронмен қамтылды. Ал шекарашылар су айдындарының жағалауындағы 3 радиолокациялық стансаны пайдаланады», - деген еді Аян Бахиянов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырғанын жазған едік.
Сондай-ақ, атыраулық полицейлер «Бекіре – 2024» акциясы аясында 454 келі бекіре, 5 келі қарауылдырық тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.