Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың іскер топтарымен өткен кездесу Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл туралы «C5+1» форматындағы ынтымақтастықтың он жылдығына арналған бизнес-конференция қатысушылары айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының АҚШ-тағы өкілі Марат Бірімжан Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен С5+1 саммиті аясындағы іскерлік кездесудің маңыздылығын жіктеп берді.

— Осы аптада Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық экономикалық ынтымақтастықты дамытуда маңызды оқиға болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға ресми сапары барысында жалпы құны 17,2 миллиард АҚШ доллары болатын 30-дан астам келісімге қол қойылды, — деді Марат Бірімжан.

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Марат Бірімжанның жеке архивінен

Оның айтуынша, америкалық жетекші компаниялармен жасалған бұл келісімдер Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту жолындағы маңызды қадам. Қол қойылған құжаттар технология, авиация, білім беру және маңызды минералдар салаларын қамтып, ынтымақтастықтың жаңа сапалы кезеңіне жол ашады, бұл жай инвестиция ғана емес, әлемдік деңгейдегі жобаларды бірлесіп әзірлеу.

— 17,2 миллиард доллар айтарлықтай көрсеткіш, бірақ біз оны тек бастауы ғана деп қабылдаймыз. Біздің мақсат — инвестициялар технологиялар трансферіне, өндіріс құруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Қазақстанның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал ететін экожүйе қалыптастыру. Сонымен қатар, біз барлық қатысушы үшін барынша ашық әрі қолайлы бизнес-ортаны қамтамасыз етуді көздеп отырмыз: алаң таңдау мен инвестициялық жеңілдіктер беруден бастап, жобаның барлық кезеңінде сүйемелдеуге дайынбыз. Алдағы айларда «Kazakh Invest» америкалық серіктестермен нақты жол карталары бойынша жұмысын жалғастырып, қол қойылған келісімдердің нақты жобаларға айналуына және екі ел экономикасына нақты пайда әкелуіне күш салады, — деді Марат Бірімжан.

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

«VEON» ЖШС «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры (Beeline Қазақстанның бас директоры) Евгений Настрадин америкалық SpaceX компаниясымен ұялы байланыс қызметтерін ұсыну жөніндегі келісімге қол жеткізілгенін хабарлады.

— VEON/Beeline Қазақстан мен SpaceX компаниясы арасындағы келісімге қол қойылғанын қуана жариялаймын. Бұл Қазақстанға байланыс мүлде жоқ аймақтарды спутниктік технология арқылы қамтудың мүмкіндігі. Жерүсті және спутниктік байланыс біріктірілген гибридті қамту жүйесін іске қосамыз. Бұл дегеніміз қазір ұялы байланыс пен интернет болмаған өңірлерде жақын арада байланыс желісі пайда болады. Бұл Қазақстан үшін революциялық қадам. Осы технология іске қосылғаннан кейін еліміздің барлық аумағы қамтылады. Пилоттық іске қосу осы қарашада басталады. Ал келер жыл басынан қызмет кезең-кезеңімен іске қосылады, алдымен SMS-хабарламалар, кейін жеңіл деректер қызметі (light data) ұсынылады, әр тоқсан сайын жаңа қызмет түрлері қосылып отырады, — деді Евгений Настрадин.

Жаңа технология телефоннан тікелей спутникке қосылуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде гибридті шешім ұсынуға және клиенттердің үнемі байланыста болуын қамтамасыз етуге жол ашады.

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Сондай-ақ, Educational Testing Service (ETS) компаниясының бас атқарушы директоры Амит Севак Қазақстанмен болашақтағы ынтымақтастық туралы көзқарасын білдірді.

— Бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісімге қол қойылғанын қуана хабарлаймын. Біз үшін бұл білім беру саласындағы жетістіктерді бағалауға көмектесетін стратегиялық серіктес ретінде таңдалу үлкен мәртебе. Ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастықты асыға күтеміз, — деді Амит Севак.

Аталған компания білім беру тесттерін әзірлеумен айналысады, алдымен Қазақстандағы қажеттілікті зерттеп, кейін өздерінің ең үздік зерттеу шешімдерінің кейбірін енгізу мүмкіндігін қарастырады.

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Cointelegraph компаниясының бизнес пен серіктестік қатынасты дамыту бөлімінің басшысы Джеффри Миллиган Cointelegraph пен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арасында өзара түсіністік туралы келісілген меморандумның маңызына тоқталды.

— Қазақстан — өңірдегі технологиялық орталық. Cointelegraph платформасы қазақстандық командалардың цифрлық аясын кеңейтуге және бүкіл әлем бойынша Web 3 блокчейн технологияларын пайдалануға көмектеседі. Қазақстанмен бірлесе отырып, түрлі мемлекеттік мекемелер мен жеке секторға білім беру тұрғысынан қолдау көрсетеміз, — деді Джеффри Миллиган.

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Технологиялық компанияның өкілі атап өткендей, меморандум аясында алдағы бірнеше ай ішінде нақты жұмысқа кіріседі.

— Қазақстанның цифрлық веб-технологиялар, блокчейн және финтех бағытындағы барлық жетістігін әлемге таныстыру жолдарын зерттеу бойынша бірлескен бірнеше зерттеу жобасын іске асырамыз. Бұл ел деңгейінде қолдау көрсетуге арналған алғашқы бастамамыз емес, бірақ министрлік командасымен жұмыс істеуіміз алғашқы тәжірибеміз, — деп бөлісті Джеффри Миллиган.

Кәсіпкерлер АҚШ-тағы келісімдер туралы: Қазақстан үшін революциялық қадам
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Сондай-ақ, Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айтты.

— Компаниямыз үшін ең маңызды келісімдердің біріне қол қойдық. Бұл құжат NVIDIA компаниясымен Қазақстанда жасанды интеллект (AI) есептеулеріне арналған ұлттық кластерді салу жөніндегі, шамамен 2 млрд АҚШ долларына бағаланған жоба. Бұл бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды бастама, — деді Тимур Турлов.

Оның айтуынша, жоба өңірдегі ең ірі жасанды интеллект кластері болады және AI технологияларын енгізудің басты қозғаушы күші болмақ.

Сондай-ақ ұлттық AI үлгілерін дамытуға, Қазақстанның бұлттық есептеу бойынша IT-қызметтер бойынша ең ірі экспорттаушы елге айналуына мүмкіндік береді.

— Кластер болашақта бүкіл Орталық Азия нарығын қамтып, жаһандық деңгейге шығуға жол ашады. Менің ойымша, аталған бастама еліміздің IT-индустриясында жоғары білікті жұмыс орындарының көбеюіне зор серпін береді, — деп түйіндеді Тимур Турлов.

Айта кетейік, Kazinform агенттігінің аналиткалық шолушысы Президенттің АҚШ-қа сапар нәтижесіне зер салып, сарапшылардан мән-жайын білді

Соңғы жаңалықтар