Кәсіпқой бокс: Жәнібек Әлімханұлының кезекті қарсыласы туралы не білеміз

АСТАНА.KAZINFORM - WBO/IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) 4 қазан күні IBF титулына міндетті қарсыласы Андрей Михайловичпен (21-0, 13 КО) қолғап түйістіреді. Осы орайда, Жәнібектің қарсыласы туралы саралап көрген едік.

Кәсіпқой бокс: Жәнібек Әлімханұлының кезекті қарсыласы туралы не білеміз
Фото: No Limit Boxing

Андрей Михайлович Дриссен 1997 жылы 15 желтоқсан күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. 1999 жылы, жаңа зеландиялық отбасы Михайлович және оның егіз ағасын 18 айлық кезінде балалар үйінен асырап алған.

Михайлович әуесқой бокста жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Әуесқой мансабында ол бірнеше мәрте Жаңа Зеландия ұлттық чемпионаттарында бақ сынады және Солтүстік аралдағы «Алтын қолғап» чемпионатының жеңімпазы атанды.

2018 жылы ол өзінің қазіргі жаттықтырушысы және менеджері Исаак Пичпен танысып, сол жылдың сәуірінде кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін Роб Рэмсиге қарсы өткізді.

Кәсіпқой бокстағы мансабының алғашқы 12 айында ол 8 жекпе-жек өткізіп, бұрынғы WBA PABA және Жаңа Зеландия чемпионы Адриан Тайхианы, сондай-ақ, бұрынғы IBO Океания чемпионы Чейз Хейли сынды мықты қарсыластарды жеңді.

26 жастағы боксшы кәсіпқой рейнгте 21 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, 13 айқасын мерзімінен бұрын аяқтаған. Бұл күнде ол орта салмақтағы IBF Pan-Pacific және WBO Global титулдарын иеледі.

BoxRec порталындағы орта салмақтағы әлемдік рейтингіде жаңа зеландиялық боксшы 21- орында.

Айта кетерлігі, Жәнібек Әлімханұлы Михайловичтың кәсіпқой мансабындағы ең мықты қарсыласы. Бұл жекпе-жек оның алғашқы рет әлем чемпионы титулына таласуы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жәнібек бүгін жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Жәнібек таразыда 159,6 фунт (72,3 кг) болды, ал Андрей- 159,9 фунт (72,5 кг) шықты. 

Кеше баспасөз мәслихатында Жәнібек қарсыласын жеңетініне сенімді екенін, Сиднейде еліміздің байрағын желбіреткісі келетінін айтқан еді.

Айта кетейік, Жәнібек - Андрей жекпе-жекгі No Limit Boxing промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен 4 қазан күні Австралияның Сидней қаласындағы The Star аренасында өтеді.

Боксшылар IBF әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. 

Кәсіпқой бокс кешін қазақстандықтар «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирінен көре алады. 

Еске сала кетсек, екі боксшы арасындағы айқас 13 шілде күні Лас-Вегасте (АҚШ) өтуі тиіс еді. Алайда, отандасымыз салмақ қуу салдарынан есінен танып қалған болатын.