Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысына сапарынан видео жарияланды

Бүгін Қ.Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды.
Мемлекет басшысы Екібастұздағы жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз қаласындағы жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары туралы баяндады.
Президент ЖЭО жағдайымен танысқан соң жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады. Ал қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов жылу жүйесіндегі жөндеу жұмыстарын жеке бақылауына алуды және қалалық «Шахтер» саябағын жөндеуді өтінді.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы кәсіпорындарының өнімдері қойылған көрмені аралап көрді. Көрмеге тамақ және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы сондай-ақ металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Бұдан бөлек, Президентке өңірдегі электроэнергетикалық кәсіпорындардың техникалық жағдайы туралы баяндалды. Облыс әкімі ГРЭС-1 және ГРЭС-2 энергоблоктарын, сондай-ақ Ақсу қаласындағы №7 электростанцияны жаңғырту жұмыстары 2024 жылы аяқталатынын айтты.
Сондай-ақ Президентке Poly Metal International plc халықаралық компаниясы қолға алған ірі жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.
Жоба аясында құрамында алтыны бар 300 мың тонна концентратты қайта өңдеп, одан 15 тонна алтын алу жоспарланған. Өндіріске құйылатын инвестиция көлемі – 347 миллиард теңге.
Кейін Қ.Тоқаев құрылыс материалдарын шығарумен және түрлі мақсатта қолданылатын нысандар салумен айналысатын «ZENITH» зауытына барды.
Одан әрі тұрғындарға офтальмологиялық қызметтер көрсететін клиникаға, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің негізінде құрылған аймақтық IT-Hub-қа барды.
Өңірдің креативті жастарымен кездесуінде Мемлекет басшысына баланың ақыл-ой қабілетін дамытатын Ibars-kids мобильдік ойыны таныстырылды.