Қай өңірлерде су тасқыны қаупі бар
АСТАНА. KAZINFORM — Ел өңірлерінде көктемгі қардың еруі кезеңінде су басу қаупін азайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі қай өңірлерде тасқын су қаупі барын жариялады.
Алматы қаласының коммуналдық қызметтері су тасқыны кезеңіне белсенді дайындықты бастады: Алатау және Бостандық аудандарында бұрын маусымдық су басу тіркелген 7 учаске тұрақты бақылауда.

Олардың екеуінде — Көкқайнар шағын ауданында Боралдай өзенінің арнасын кеңейту және Жәңгір-Хан көшесіне сорғы станциясын орнату сияқты инженерлік іс-шара басталды. Су тасқынын болдырмау үшін қаладан алдын ала 147 мың м³ қар шығарылған, ал орташа сын-қатердегі аймақтар мамандардың тұрақты бақылауында.

Алматы облысында 45,7 шақырым арық, 31 шақырым канал, 4,2 шақырым өзен арнасы, сондай-ақ автомобиль және теміржол жолдарының астындағы 21 су өткізу құбыры тазартылды. Елді мекендерден қар шығару үшін облыстың барлық аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларында қар полигондары белгіленді.

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы шаралар нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды, 50 елді мекенде — сын-қатер деңгейі төмендеді, енді 5 елді мекенде қауіп бар. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, өңірдің жазық аумағындағы қар мөлшері қалыпты нормадан 112-146%-ға жоғары болды.

Қар жамылғысындағы ылғал қоры, күзгі топырақтың ылғалдануы, топырақтың қату тереңдігі, температураның ауытқуына байланысты облыс су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына жатқызылды. Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарында жоғары сын-қатер болжанып отыр.

Жамбыл облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің № 28237 әскери бөлімшесі Жаңатұрмыс ауылдық округіне орналастырылды. Бұл жұмыстарға 25 әскери қызметші және 2 техника тартылды. Қалың қар түскен соң Тараз қаласындағы тұрғын үй секторында құм салынған қап төсеу, аула аумақтарын еріген судан және арық жүйелерін тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл судың еркін өтуі үшін жасалды. Мойынқұм ауданындағы Шу өзенінің қауіпті учаскесіне маусымдық гидрологиялық бекет орнатылды. Жаңа гидробекет су деңгейін тұрақты бақылауға және ықтимал қауіптерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жетісу облысында су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық жүргізіліп жатыр. Жалпы 24 су тасқынына қарсы іс-шара қолға алынып, қауіпті учаскелерде 14 шақырым су ағызу каналдары жасалды және тазартылды. Үш шақырым қорғаныш бөгеттері жөнделді, 11 шақырым өзен арналары мен каналдары механикалық түрде тазартылған. Сонымен бірге, 13 шақырым өзен жағалауы тереңдетілді және нығайтылды. Бұл инженерлік шаралар облыстағы 17 елді мекеннің су басу қаупін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ақпан айында Астанада су тасқынына қарсы ауқымды шаралар басталды.