Кая Каллас: АҚШ-тың араласуы Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне әкеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық дипломатия басшысы Трамп әкімшілігін Иран-Израиль қақтығысына әскери тұрғыда араласудан сақтандырды, деп хабарлайды Euronews.

Кая Каллас
Фото: European Union / Wikimedia

Америка Құрама Штаттарының әскери араласуы Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың бүкіл Таяу Шығысқа «таралуына» және одан да үлкен қауіпті сипатқа ие болуына әкеледі. Бұл туралы ЕО-ның Сыртқы істер жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді.

Оның ескертуі Дональд Трамп өзінің елі Израильдің жақтаушысы әрі соғыс қимылдарын тоқтату үшін практикалық тәсілді қолдана алады деп ашық айтқаннан кейін пайда болды.

- Мүмкін біз араласатын шығармыз. Бірақ қазір біз бұған қатыспаймыз, - деді америкалық көшбасшы жексенбіде ABC News-ке берген сұхбатында.

Кейінірек ол егер Иран «америкалық әскерлерге тиіссе», АҚШ «қолғаптарын тастап, соққы беретінін» айтты.

Сейсенбіде Каллас Еуропалық одақ Америка Құрама Штаттарының соғысқа қатысуын қолдамайтынын айтты.

- Егер әңгіме араласуға келетін болса, бүкіл аймақ сөзсіз қақтығысқа түседі. Бұл ешкімнің мүддесіне сай келмейді, - деді еуропалық дипломатияның басшысы ЕО-ның 27 сыртқы істер министрмен өткен бейнеконференциясынан кейін.

Айта кетейік, Трамп Израиль мен Иран арасында бейбітшілік орнатуға уәде берді. Трамп Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты G7 саммитінен ерте кетіп қалды.

АҚШ Таяу Шығысқа «USS Nimitz» әуе кемесін жібереді. Axios Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысуға шақыратынын мәлімдеді.

Иран мен Израиль арасындағы үздіксіз соққыдан тағы бірнеше адам қаза тапты. Ресей СІМ Иран-Израиль қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар