Қазақ-өзбек шекарасында жүк көліктері тәуліктеп тұруға мәжбүр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Түркістан облысына қарасты қазақ-өзбек шекарасындағы «Б.Қонысбаев» кеден бекетінде бірнеше шақырымға созылған жүк көліктерінің екі тәуліктен аса кептелісте тұрғаны бойынша бейнежазба тарады.

жүк көліктері
Фото: Midjourney

Онда кеден бекетінде тұрған жүк көлігінің жүргізушілері шекара бекетінен өту үшін 5-6 шақырымға созылған кептелісте 2-3 күннен аса күтетінін айтып, шағымдарын білдірген.

Бұл мәселеге қатысты Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Маликов пікір білдіріп, жүк көліктері иелерінің шағымын жоққа шығарды.

— Жүргізушілердің бірнеше күндеп кезек күтеміз деген пікірлері қисынсыз. Мәселен, жүк көліктері кеден бекетінде 100-ші болып кезекке тұрса, 6-7 сағатта өтіп кетеді. Жөндеуден кейін қайта ашылған Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Б.Қонысбаев» пунктінің бұрынғыға қарағанда әлдеқайда әлеуеті артты. Бұрын тәулігіне 70 көлік өткізілсе, қазір 500 көлікті өткізуге қауқарлы. Қыс мезгілінде жүк көліктері бұдан да көбейетін кездер болады. Жүргізушілер шыдамсыздық танытады. Жүк көліктерінің қозғалысы өткізу қабілеттілігінің шектеулі болуымен тікелей байланысты. Осыны жүргізушілер түсінуі керек, — деді департамент өкілі.

Айта кету керек, облыстағы «Қапланбек» өткізу пункті жүк көліктерін өткізуге арналған, алайда «Жібек Жолы» өткізу пунктінің жабылуына байланысты бұл функцияны уақытша жүзеге асырмайды. Аталған кеден бекеті келесі жылы толық ашылмақ.

Бұдан бұрын Өзбекстан тарапымен «Гишт-Куприк» өткізу пунктінің құрылысын аяқтау үшін бірнеше айға жабылуына байланысты, Қазақстан тарапындағы «Жібек Жолы» өткізу пункті де жабылатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ еліміздің кеден бекеттеріндегі камералар Астанадағы мониторинг орталығына тікелей қосылатыны туралы хабарладық.

Соңғы жаңалықтар