Қазақ тарихындағы қызықты деректерді Батысқа жеткізгім келеді – Француз саяхатшысымен сұхбат

 Қазақ тарихындағы қызықты деректерді Батысқа жеткізгім келеді – Француз саяхатшысымен сұхбат
Фото: Ричардтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Үш жыл бұрын француз инженері Ричард Мартин (аты өзгертілді – ред) АҚШ-тағы үйреншікті өмірін өзгертуді ұйғарып, бүкіл әлем бойынша саяхатқа шыққан еді. Қазір ол әлеуметтік желілерде «Oops, I moved again» атауымен белгілі. Оның басты миссиясы Батыс бұқаралық ақпарат құралдары жаза бермейтін алуан түрлі мәдениетті зерттеу болды. Өткен аптада Ричард Қазақстанға келді және оның Астанамен танысуы туралы видеоблогы көп қаралым жинады. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында саяхатшы Қазақстан, қазақ мәдениеті және дәстүрлі тағамдары туралы өз әсерін бөлісті. 

– Ричард, бұл сіздің Қазақстанға алғашқы сапарыңыз ба? Таңдауыңыз қалай біздің елге түсті?

– Иә, бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Алайда қазақ халқымен және мәдениетімен жақсы таныспын, өйткені АҚШ пен Парижде тұратын қазақтармен кездескенмін. Менің бұл елге сапарымның мақсаты – қазақ мәдениетін зерттеу және әлеуметтік желілердегі арналарым арқылы осы тәжірибемді бөлісу. Оған қоса, Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихын зерттеуге тырысамын. Астанаға келгеніме бір апта болды. Бұл қала бүкіл ел бойынша қызықты оқиғалардың бастауы болмақ.

– Әлеуметтік желілерде сіз жергілікті тұрғындармен сөйлесетін роликтерді жиі жариялайсыз. Қазақ халқы туралы әсеріңіз қандай?

– Қазақ халқы туралы алғашқы әсерім — олардың мейірімділігі мен сабырлы мінезі, қонақжайлығы. Жаңа жыл қарсаңында ЭКСПО саябағында бірнеше тілде еркін сөйлейтін қазақ қызы (қытай және француз тілдерін де үйреніп жүр) маған шайға тапсырыс беруге көмектесті, тіпті өзі сатып алып берді. Бұл әсерлі танысу болды. Еуропа мен АҚШ-та қазақтар негізінен қытайлықтарға ұқсайды және ислам дінін ұстанады деген пікір кең тараған. Ал мұнда келгенде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында елдің бай этникалық және діни әртүрлілігін көріп, таңғалдым.

– Қазақстанның қандай мәдени ерекшеліктері мен дәстүрлерін ерекше атап өтер едіңіз?

– Қазақстанда күнделікті өмірде отбасы мен достық айрықша байқалады. Қазақ әжелері немерелерін тәрбиелеуге белсенді, ал Еуропа мен Солтүстік Америкада әдетте бала тәрбиесіне өз ата-анасы көбірек жауап береді. Сонымен қатар бұл елде сүйіспеншілік, құштарлық ашықтан-ашық көрсетілмейді. Еуропада немесе Солтүстік Америкада ерлі-зайыптылардың қол ұстасып жүргенін, тіпті қоғамдық орындарда ашық сүйісіп тұрғанын көру үйреншікті болып кеткен. Алайда Астанада іңкәрлігін ашық көрсеткен бірде-бір жұпты кездестірмедім. Бұл тарихи дәстүрлермен байланысты ма, діни немесе басқа факторларға қатысты ма, білмеймін. Сондай-ақ, бір күні өзіме киім алу үшін Mega Silk Way сауда орталығына барып, фуд-кортқа көтерілдім. Сонда апалы-сіңлілі екі қыз бос орын таппай, менің үстеліме отыруға бола ма деп сыпайы түрде сұрады. Мұндай жағдайлар Батыс әлемінде өте сирек кездеседі. Ондағы адамдар өз кеңістігін бөлісуден ұялады. Керісінше, Қазақстанда мен қауымдық рухты байқадым, мұнда адамдар уақытты бірге өткізуге бейім.

– Астанада қандай көрікті жерлерге бардыңыз және сізді не таңғалдырды?

– Қазақстан Ұлттық музейінің дизайнеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл музей VI ғасырдағы Түркі қағанатынан бастап бүгінге дейінгі қазақ жерінің тарихын тамаша баяндайды. Сондай-ақ жақында Бейбітшілік және келісім сарайына барып, қазақстандық қоғамды қалыптастыратын ұлттар мен діндердің алуан түрлілігін көрдім. Есіл өзенінің бойында серуендегенде Кенесары хан ескерткішін кездестірдім, сол маңайда Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек ескерткішін де көрдім.

Астананың тағы бір тамаша аспектісі – ғимарат қасбеттеріндегі қазақ тайпаларын, керемет жылқыларды және тағы басқаларын бейнелейтін фрескалар мен суреттердің алуан түрлілігі. Астанадағы тарихи ескерткіштерді аралап жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгері Рахымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа одақтастар туын тіккенін естіп, таңғалдым. Рахымжанның бұл ерлігін Батыс қоғамы біле бермейді, өзім де жақында білдім. Сондай-ақ, Астанада Румынияның Констанца қаласының негізін қалаушы Томирис патшайымның мүсіні барын байқадым. Қазақстан мен Румыния, Еуропа тарихы мен Томирис патшайым арасындағы бұл байланыс мені таңғалдырды. Мен бұл жаңалықтарды Батыс Еуропа және АҚШ-тағы достарыммен бөлісуге дайынмын.

– Сіз Астанадағы дәстүрлі мейрамханаларға бардыңыз. Қазақтың ұлттық тағамдары ұнады ма?

– Қазақ асханасы жеңіл әрі үйлестірілген тағамдарымен жаулап алды. Бастапқыда жылқы етінің қазақ мәдениетінде маңызды орын алатынына таңғалдым. Қазақша ет тағамы қатты ұнады, сүт пен тары араласқан шайдың ерекше дәмі әсер қалдырды.

– Елорданың инфрақұрылымы жөнінде не айтар едіңіз?

– Астананың инфрақұрылымы жаңа музейлерден бастап креативті жобаланған ғимараттарға, ескерткіштер мен саябақтарға дейін жаңашылдық пен жасампаздық сезімін оятады. Мен жалға алған пәтерлер жайлы болды, ал кафелер мен мейрамханалар клиенттерге қызмет көрсетудің лайықты деңгейін көрсетті. Байқауымша, Астана – қауіпсіз қала. Турист көп жүретін орындар жанында полиция бөлімшелері орналасқан. Сондай-ақ Астананың цифрлық инфрақұрылымына тәнті болдым. Мұнда тамаша интернет байланысы бар және саяхаттауға, тағамға тапсырыс беруге арналған көптеген қосымшалар бар. Бұл қаланы заманауи және жайлы етеді.

– Астанада қанша күн болуды жоспарлап отырсыз?

– Мен Қазақстанда бір айға жуық уақыт өткізуді жоспарлап отырмын. :оспарымда Астанамен танысу, кеңестік ГУЛАГ лагеріне бару, Қарағанды, Алматы қалаларына, мүмкін Түркістан мен Байқоңырға, ғарыш қалашығына бару жазылған. Әрі қарай менің сапарым Қырғызстанға жалғасады. Онда мен сияқты АҚШ-та тұрақты жұмысын тастап, саяхаттап жүрген досыммен кездесемін.

Соңғы жаңалықтар
telegram