Қазақстан-Армения қарым-қатынасын стратегиялық деңгейге көтеретін құжатқа қол қойылады — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Армения Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Тоқаев ва Пашинян
Фото: Ақорда

— Бұл бас қосудың екі ел үшін де мән-маңызы зор. Біз достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтармыз. Армения Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды. Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды, — деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы аталған маңызды бастамаларға қолдау көрсеткені үшін Никол Пашинянға зор алғысын білдірді.

— Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз. Бұл бастамалар Қазақстан мен Армения арасындағы мызғымас достық пен өзара құрметтің айқын көрінісі. Екі ел арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімге негізделген саяси диалог қалыптасқан. Аймақтық және халықаралық құрылымдар аясында тығыз әрі тиімді байланыс орнады. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығымыз тұрақты түрде дамып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда мемлекетаралық байланысымыздың сипаты ерекше. Алдағы уақытта да қарым-қатынасымызды дамытуға зор мүмкіндік бар. Бүгін біз екі ел арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деңгейге көтеру туралы тарихи құжатқа қол қоямыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетсек, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен Астана қаласына кеше келді. 

Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді. 

Соңғы жаңалықтар