Қазақстан БҰҰ миссиясына қандай үлес қосып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымындағы белсенді қызметімен танымал. Еліміздің бастамалары мен рөлі туралы ұйымның Қазақстандағы кеңсесінің баспасөз қызметінің басшысы Эльнара Байназарова баяндады. 

Қазақстан БҰҰ миссиясына қандай үлес қосып жатыр
Фото: Anadolu

– БҰҰ биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Ұйымның мақсаты – әлем тыныштығы мен соғыстың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Дегенмен жаңа кезең жаңа міндеттерді алға шығаруда. Климат мәселелері, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану, жалған ақпаратпен күрес – ұйым миссиясының кеңейген жаңа бағыттары, - деді Эльнара Байназарова Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Спикер ұйымның Қазақстандағы жұмысына тоқталды.

– Ұйымның кеңселері Алматы мен Астанада орналасқан, 400-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Қазақстанда БҰҰ-ның 27 агенттігі бар. Олардың қызметі даму бағдарламасы, балалар мәселесі, денсаулық сақтау, білім беру, миграция сынды бағыттарды қамтиды, - деді ол. 

Эльнара Байназарова
Фото: видеодан алынған скрин

Эльнара Байназарова Қазақстанның бастамаларына да назар аударды.

– Ядролық сынақтардың зардабын тартқан ел ретінде Қазақстан ядролық қаруға тыйым салуды үнемі қолдап келеді. Семей полигонының жабылуы соның дәлелі. Сонымен бірге Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру, әлемдік діндер көшбасшыларын Астанада жинау – Қазақстанның БҰҰ-дағы маңызды қадамдары. 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Биыл Бас хатшы Антониу Гутерриштің Алматыға сапары барысында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын құру мәселесі көтерілді, - деді спикер.

Ол сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-ның өзге құрылымдарындағы рөлін атап өтті.

– БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде, ұйымның әлеуметтік-экономикалық кеңесінде Қазақстан белсенді жұмыс істеп келеді. Өткен жылы Мадина Жарбосынова БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетіне қабылданды. Бұл – қазақ дипломатиясының ірі жетістігі, - деді Эльнара Байназарова.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған фотокөрме ашылды.

Соңғы жаңалықтар