Қазақстан Дәстүрлі садақ атудан бір алтын, екі қола жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Дәстүрлі садақ атудан Пута нысанасын көздеу бойынша жарыс аяқталды. Онда қазақстандық спортшылар бір алтын, екі қола медалін жеңіп алды.

Бүгін «Пута» нысанасы бойынша (ерлер – 70 метр, әйелдер – 60 метр) жарыс өтті. «Арғымақ» ат-спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекеге 33 мемлекеттен 180 спортшы қатысқан еді. Бұл спорт түрінен Қазақстан құрамасында 10 спортшы ел намысын қорғады.
Ақтық сайыста қазақстандық Жәнібек Құлмырзаев пен мажарстандық Ласло Кочка тең түсті. Ойын ережесі бойынша олар тағы 9 жебе атты және қазақстандық спортшы 7:6 есебімен басым түсті.
Финал нәтижесінде ерлер арасында қазақстандық Жәнібек Құлмырзаев алтын медаль, мажарстандық Ласло Кочка – күміс және қазақстандық Қанат Қасымхан пен қырғызстандық Исхак Токонов – қола медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасында алтын жүлде ресейлік Анна Алексееваға берілді, қырғызстандық Әсел Садырова – күміс, қазақстандық Айкөркем Батихан мен мажарстандық Корени Янка Юдит – қола жүлде алды.
Ертең 10 қыркүйекте «Арғымақ» ат-спорт кешенінде Қалқан нысанасы бойынша кезекті жарыс өтеді. Онда ерлер 60 метр, әйелдер 50 метр қашықтықта нысана көздейді.
Одан кейінгі күндері Жамбы нысанасы – 30 метр және командалық жарыс (30 метр) өтеді.