Қазақстан ел азаматтарын қамқорлықсыз қалдырмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз азаматтарына қамқорлық жасауға ерекше мән беріп келеді. Конституцияның 11-бабында «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді» делінген. Бұл өз кезегінде мемлекеттік саясаттың басты ұстанымына айналды.

«Жусан» операциясы
Атап айтқанда, Қазақстанның шиеленіс аймақтарынан өз азаматтарын алып шығу бойынша ұйымдастырған «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы өзге мемлекеттерге үлгі болды. Осы жайында былтыр Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумында сөз сөйлеген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Наталья Герман мәлім еткен еді.
«Қазақстан әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып шет елдердегі шиеленіс аймақтарынан өз азаматтарын шығарған мемлекет. «Жусан» арнайы операциясын ұйымдастырып, Сириядан қазақстандықтарды алып шыққанын әлем елдері біледі. Қазақстанның бұл бастамасы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын шығармаған өзге шет мемлекеттер үшін үлгі, мол тәжірибе. Қазір терроризимнен төнетін қауіпке жеке емес, тек елдердің бірлескен күш-жігері арқасында төтеп бере аламыз. Бұл бағытта БҰҰ өз жұмысын жалғастырып, Орталық Азия елдерімен серіктестікте болады», - деді Н. Герман.
2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде «Жусан» арнайы операциясы туралы пікір білдірді.
«Армия мен күш құрылымдары елдің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі саналады. Әлемдегі жаһандық катаклизмдер мен геостратегиялық құбылмалы жағдайда әскери қызметшілердің рөлі бірнеше есе артады. Сіздер Тәуелсіздігімізді қорғау ісінде бекем тұрсыздар. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында Қазақстан өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың доноры ретінде танылды. Біздің әскери қызметшілеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясы шеңберінде қойылған міндеттерді табысты орындайды. «Жусан» арнайы операциясының мінсіз өтуі ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі көрсетті», - деді Мемлекет басшысы.
Ауғанстандағы қандастар
2021 жылы Ауғаныстан аумағындағы қақтығыс кезеңінде Қазақстан осы елдегі қандастарымызды қамқорлықсыз қалдырмады. Президент тапсырмасына бойынша Ауғанстаннан 35 қандас тарихи отанына оралды.
Кейін Ауғанстаннан көшіп келген төрт отбасы Ақмола облысына қоныстандырылды.
Сол кезде Қазақстан Ауғанстаннан өзінің 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын эвакуациялады. Бұдан басқа, Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы (UNAMA) және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңселері уақытша көшірілді.
Украинағы Қазақстан елшілігінің әрекеті
Қазақстан Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен реттеу керек екенін үнемі айтып келе жатыр.
2022 жылдың басында аталған екі ел арасындағы шиеленіс кезінде Қазақстанның Украинадағы елшілігі қазақстандықтарды эвакуациялауға кіріскен еді. Киевтегі елшіліктің қызметкерлері күні-түні жұмыс істеді. Қазақстанның азаматтарына көмек көрсетіп қана қоймай, орналасқан елдеріндегі жағдай жөнінде маңызды ақпаратты да жіберіп тұрды. Сол кезде ҚР Сыртқы істер министрлігі қауіпті аймақтан еліміздің барлық азаматын алып шығатынын мәлім етті.
«Олар тізім бойынша біздің азаматтарды тексеріп, одан әрі шығарып салады. Шекарада 2 елдің де кеден қызметі шұғыл әрі төтенше режимде жұмыс істеп жатыр. Бастысы олар түсіністікпен қарайды және өте сыпайы. Біздің дипломаттар Украина қалалары мен Польша шекарасы арасында жанталасып жүр. Сондай-ақ, жедел желі жұмыс істеп тұрғанын еске салайын. Украина шекарасындағы ұзынсонар кептеліс 20-40 шақырымды құрайды. Біз ешкімді қалдырмаймыз, барлық азаматтарды алып шығамыз», - деп айтқан еді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Бұл ретте дипломаттар қауіпті жерлерден Қазақстан азаматтарын тез арада шығарып алуға әрекет етті.
Түркиядағы зілзала
2023 жылдың ақпанында Түркия мен Сириядағы жойқын зілзала мыңдаған адамның өмірін қиды. Бұл тұрғыда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ел азаматтарын Отанға қайтару шараларына дереу кіріскен еді.
Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келді.
Сонымен қатар, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын.
Көп ұзамай Қазақстан мамандарының екінші тобы Газиантепке жеткен еді.
Сол кезде бауырлас Түркия Республикасына барып, зілзаладан зардап шеккен адамдарды құтқаруға атсалысқан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне шынайы алғыс айтылып жатты. Біздің мамандарымыз кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетіп, бастарын қатерге тігіп, мәртебелі міндетті абыроймен орындады. Қазақстан құтқарушылары Түркияда медициналық көмек көрсету пунктін ашты.
Баспанасыз қалған Түркия халқына жылдам көмек көрсету мақсатында Кахраманмараш қаласында қазақстандықтар киіз үйлер жеткізіп, орнатқан болатын.
Құлдыққа тап болғандарға мемлекет қандай көмек береді
Кейінгі жылдары жоғары табыс іздеген адамдар шетелдегі алаяқтардың алдауына түсіп жатыр. Бұл кезде оларды дереу анықтап, елге қайтаруда шетелдегі дипломаттардың еңбегі зор. Көбінесе біздің азаматтар шетелге жоғары жалақыға қызығып жұмысқа барады. 2-3 мың АҚШ долларына дейін айлық төлейміз деп компаниялар шақырған кезде, адамдар шарттың мазмұнына мән бермей жатады. Соның салдарынан кейін қиын жағдайға тап болады. Шетелге барар алдында бүкіл құжатты мұқият қарап шығу керек.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, кейінгі екі жылда Таиланд елімен шекаралас елдер аумағында 200-ге жуық Қазақстан азаматы еңбек құлдығында болған. Олар негізінен Мьянма және Лаос аумақтарында анықталды.
Тексере келе құлдыққа түскен Қазақстан азаматтарының қалың джунглидің ішінде тұтқында жүргені белгілі болып жатады. Мәселен, биыл ақпан айында Таиландқа жұмыс істеуге барып, құлдыққа түскен екі отандасымыз (әйелдер) елге оралды.
«Құлдыққа түскен екі қазақстандықтың әрқайсысынан 10 мың доллар талап еткен. Жергілікті билікпен келісімге келіп, бір ай дегенде екі азаматымызды құтқардық», - дейді А. Смадияров.
Кейінгі кездері Мьянма мен Таиландтың арасында орналасқан «Алтын үшбұрыш» деген аумақта Қазақстан азаматтары жұмыс құлдығына түсіп жатыр. Осыған дейін ескерту айтып, ақпарат таратылса да, азаматтарымыз сол жерге барып жатыр.
Ішкі істер министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында құлдыққа тап болғандарға мемлекет тарапынан берілетін көмек түрлері туралы мәлімет берді.
«Қазақстанда адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек көрсетіледі. Мұндай жәбірленушілерге медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық сияқты 8 түрлі қызмет көрсетіледі. Бұл қызметтер аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанына немесе қозғалмағанына қарамастан көрсетіледі. Бұл нормалар Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ жандарға бірдей қолданылады. Бұған қоса адам саудасының құрбандары азаматтық заңнама аясында материалдық және моральдық өтемақы талап ете алады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізетін маман құрбанға бұл туралы мәлімдеуге міндетті», - делінген министрлік мәліметінде.
Министрліктегілер Қазақстан азаматтары шетелде жүріп шетін жайтқа тап болса, мүмкіндігінше сондағы Қазақстан елшілігіне немесе консулдығына хабарласу керектігін айтады. Ондай мүмкіндік болмаса, жергілікті полицияға жүгіну керектігі де айтылған. Жергілікті полиция жүгінген адамның қай елдің азаматы екеніне байланысты тиісті елшілікке хабар түсіреді.
Пандемия: Қазақстан өз азаматтарын Қытайдан эвакуациялады
2020 жылы ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды коронавирусты жұқтырудан қорғау жөнінде іс-шаралар қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі ҚХР аумағындағы және Отанына оралуға тілек білдірген қазақстандықтарды эвакуациялады.
Сол кезеңде қазақстандықтардың алғашқы легі Қытай елінен 2 ақпанда жеткізілген болатын: 83 азаматтың 80-і студент.
Еске салсақ, пандемия кезінде ҚР Елшілігі ҚХР Білім министрлігі және жоғары оқу орындарымен бірлесіп, қазақстандықтарды қажет медициналық жабдықтармен, тамақпен қамтамасыз етуді жүзеге асырды. ҚР Сыртқы істер министрлігі мен оның ҚХР-дағы барлық шетелдік мекемелерінде Қазақстан азаматтарына кеңес беру үшін жедел желілер құрылды.