Қазақстан қалаларында ұялы телефон құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM - Ұялы телефон адамның ажырамас байланыс құралына айналды. Қазіргі кезде оның құны елімізде шамалас. Алайда белгілі бір түрінің бағасы кей өңірде төмен, кейбірінде жоғары. Kazinform агенттігінің тілшісі нарықты бағамдап, смартфон бағасын салыстырды.

а
Коллаж: Kazinform/ Canva

Қазақстан қалаларында көпке танымал ұялы телефон құнын салыстыру үшін алдын ала қолжетімдісін, құны орташа және қымбатын таңдап алдық. Apple (iPhone 11, iPhone 15 және iPhone 16 Pro) және Android жүйесіндегі (OPPO A3, Xiaomi Redmi Note 14 және Samsung Galaxy S25 5G) телефон жады 256 ГБ таңдалды.

Мегаполистерден шалғай жатқан өңірлерде бағаның әрқилы екенін көруге болады. Тіпті қымбат моделінің айырмашылығы 200 мың теңгеге дейін жетеді. Ал қолжетімді смартфон бағасында аса үлкен айырмашылық жоқ, бар болса да 20 - 30 мың теңгеден әрі аспайды.

Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін ұялы телефон көп таралған және бағасы тұрақты. Ал iPhone Қазақстан қалаларында кең таралғанымен, баға алшақтығы тіркелді.

Қызылордада смартфон бағасы жоғары. Мұнда iPhone 11 бағасы шамамен 160 мың теңге. Ал бұрын пайдаланылғаны 120 мың теңге болып тұр.

Ал Xiaomi Redmi Note 14 секілді орташа деңгейлі ұялы телефон құны өзге өңірлерге ұқсас. Android жүйесінде жұмыс істейтін телефон құны орташа болса, iPhone 16 Pro құны рекордтық көрсеткішке жетіп, 834 мың теңге болып тұр. Ал өзге өңірлерде баға шамамен - 700 мың теңге.

Астана қаласының өзінде баға мұндай жоғары емес. iPhone 16 Pro бағасы 775 мың теңге, өзге модель бағасы еліміздегі орташа бағаға шамалас. Ал Samsung құны жеңілдікпен шамамен 454 мың теңге, өзге өңірде оның бағасы 574 теңге.

Шымкентте iPhone 11 бағасы қымбат болып шықты. Құны — 269 теңге. Елімізде бұл телефонның бағасы шамамен 160 мың теңге. Ал Apple бағасы орташа көрсеткіштен сәл төмен. Құны — 639 теңге.

Қонаевта бұрын қолданыста болған iPhone 11 бағасы 95 мың теңгеден басталады. Жаңасын табу қазір қиын, табылса шамамен 160 мың теңгеге сатылады. iPhone 16 Pro смартфоны мұнда — 670-750 теңге. Samsung Galaxy S25 5G ұялы телефонына жеңілдік жасалып, 100 мың теңгеге арзандады.

Қостанайда iPhone 11 телефонының жаңасын табу қиын. Қолданылғаны 125 мың теңгеге сатылып жатыр. iPhone 15 мұнда орташа бағадан 30 мың теңгеге қымбат.

Өскемен мен Семейде iPhone 15 едәуір арзан. Құны — 460 теңге. Android жүйесінде жұмыс істейтін телефонның орташа бағасы шамамен 110 мың теңге. Ал Xiaomi Redmi Note 14 құны өзге өңірлерге қарағанда 10-15 мың теңгеге қымбат.

Алматыда смартфон құны өзгемен салыстырғанда тұрақты. Мұнда бәсекелестік жоғары және логистикасы өте тиімді. Тек iPhone 11 телефоны қымбат. Бағасы 199 мың теңгеден басталады.

Ақтөбеде iPhone 11 құны өзге өңірлерге қарағанда сәл жоғары. Қазір құны — 164 теңге. Ал бұрын қолданыста болғаны 110 мың теңге. iPhone 15 телефонын кейбір адамдар 300 - 400 мың теңгеге сатып жатыр. Дүкендегі бағасы - 530 мың теңге.

Қарағанды, Талдықорған мен Түркістанда iPhone 11 смартфонын 150-165 мың теңгеге сатып алуға болады. Redmi Note 14 телефоны болса 500-550 мың теңге. Ал iPhone 16 Pro құны өзге өңірлерге қарағанда арзан.

Петропавл, Жезқазған мен Көкшетауда смартфон құны еліміздегі орташа бағадан төмен. Бұрын қолданған iPhone 11 бағасы 130 мың теңгеден басталады. Көкшетау бұл модельді таба алмайсыз. Ақмола облысында Xiaomi Redmi Note 14 бағасы өзге облысқа қарағанда 20 мың, Петропавлда 50 мың теңгеге арзан. Көкшетауда Samsung S25 5G смартфоны өзге өңірге қараған 20-30 мың теңгеге арзан.

Тараз бен Ақтауда iPhone 11 телефонының ескісін 90-100 мың теңгеге сатып алуға болады. Ал жаңасын 160-170 мың теңгеге сатып жатыр. Мұнда iPhone бағасы өзге өңірлерге қарағанда қолжетімді. Қазір iPhone 16 PRO бағасы 650 мың теңгеден басталып тұр. Android жүйесінде жұмыс істейтін телефон құны еліміздегі орташа бағадан төмен.

Атырау мен Павлодарда ұсталған телефон көп сатылады. Мұнда баға дүкенге қарағанда - 30-40% төмен. Павлодарда iPhone 16 Pro бағасы еліміз бойынша ең арзан. Бұл телефон құны 589 мың теңге, ал OPPO A3 бағасы 97 мың теңге.

Қазіргі кезде Орал қаласында ұялы телефон бағасы өзге өңірге қарағанда төмен. iPhone 15 телефонының құны 100 мың теңгеге дейін арзан. OPPO A3 құны — 95 мың теңге. iPhone 11 телефонының жаңасын табу қиын, табылса бағасы жоғары. Құны - 193 мың теңге. Samsung S25 5G телефонына жеңілдік жасалып, 480 мың теңге болып тұр. Кейде 400 мың теңгеге дейін арзандайды.

Бұған дейін қысқы жылы аяқ киім және үй интернетінің бағасы туралы жазылды. 

телефон бағасы
Фото: Kazinform

 

 

Соңғы жаңалықтар