Қазақстан кубогында «Астана» «Қайсарды» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы 1/8 финалының алғашқы ойындары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық «Астана» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. Алғашқы минуттан елордалық клубтың басымдығы байқалып тұрды. Олардың қатарынан Дембо Дарбо 11, 16-минуттарда қос гол соғып кетті. Ал6 Марко Томашевич 25, Эльхан Астанов 55, 77-минутта «Астананың» басымдығын арттырды. «Қайсардың» капитаны Руслан Сақалбаев 57-минутта елордалық команда қақпасының торын тулатты. Осылайша, «Астана» қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Түркістан облысының «Мақтаралымен» кездесті. Бірінші кезеңде «Мақтарал» алда тұрды. Олардың қатарынан Драмане Коне 4, Хуан Сандовал 23-минутта гол соқса, оған шымкенттік клубтан Бобыр Абдухаликов 19-минутта бір голмен жауап қайырды. «Ордабасы» ойламаған жерден қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Ал, Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Павлодар облысының «Ақсуынан» 2:0 есебімен басым түсті. Олардың қатарынан Иван Рогач 22, Милан Вукадинович 96-минутта мергендік танытты.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Қызылжар» «Жетісуды» 3:0 есебімен сүріндірсе, «Каспий» «Тұранға» 0:1 есебімен жол берді.
Сондай-ақ, «Шахтер» «Оқжетпестен» 1:0 есебімен басым түссе, «Ақтөбе» мен «Атырау» 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Қарымта ойындар 29 және 30 сәуір күндеріне белгіленген.