Қазақстан мен Қырғызстан сауда айналымын арттыру мәселелерін талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бішкекте Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Қасымалиевтің қатысуымен Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 14-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғызстанның тату көрші, бауырлас халық және маңызды сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтті.
— Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Нургожоевич Жапаровтың бірлескен күш-жігері мен тікелей қолдауының арқасында елдеріміз арасындағы одақтастық байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Біздің мақсатымыз — мемлекеттеріміздің басшылары айқындап берген барлық міндеттерді толық жүзеге асыру. Сауда қатынастарын одан әрі арттыру үшін көлік-транзит, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларындағы ықпалдастықты дамыта түсу керек. Жалпы Қазақстан мен Қырғызстан арасында екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша үлкен әлеует бар. Біз оларды нақты жүзеге асыруға дайын екенімізді растаймыз, — деді Олжас Бектенов.
Кездесу барысында Әділбек Қасымәлиев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды шынайы ризашылықпен бақылап отырғанын атап өтті. Ол қос халықты ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, рухани және бауырластық байланыстар біріктіретінін атап өтті.
— Соңғы жылдары мемлекет басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында екіжақты ынтымақтастық сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілді, ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы ресми сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың одақтық сипатын растады. Сіздің бүгінгі ресми сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, — деді Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің басшысы.
Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуде тараптар сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, көлік және транзит, ғарышты зерттеу, авиация, цифрландыру, мәдени-гуманитарлық қатынастар сияқты басым салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 14-ші отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылды. Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланысты нығайту және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыруға деген міндеттемелерін растады.
Еске сала кетейік, кеше Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғыз Республикасына ресми сапармен келді.
Бішкекте екі ел үкімет басшыларының қатысуымен 2-ші Қазақстан-Қырғызстан аймақаралық ынтымақтастық форумы өтті.
Қазақстан мен Қырғызстан ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында қандай құжаттарға қол қойғанын мына жерден оқыңыз.