Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүдделі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және тауар айналымын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүдделі
Фото: Өзбекстанның Инвестиция, өнеркәсіп және сауда министрлігі

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Ташкентке жұмыс сапарымен келді. Оның аясында олар Өзбекстанның сауда министрі Лазиз Кудратовпен кездесті.

Тараптар өзара тауар айналымын арттыруға кедергі болып отырған шектеу шараларын алып тастау мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін жекткізуге квота бөлу, тауарды сертификаттау үшін электрондық жүйелерді қолдану және кеден бекеттеріне жөндеу жүргізуге уағдаласты.

- «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін жандандыру мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, өзара тауар айналымының көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізуге бағытталған бағдарламаны келісу тәртібі қаралды, - деп мәлім етті ӨР Инвестиция, өнеркәсіп және сауда министрлігінің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллардан асты. Атап айтқанда, 2024 жылы ресми Ташкент Астанаға 1,4 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,8 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте ресми Астана мен Ташкент арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр.

Соңғы жаңалықтар