Қазақстан Пәкістанға астық тасымалдауға ниетті
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Исламабадқа ресми сапарында ауыл шаруашылығы жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Онда тараптар агроөнеркәсіптік саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
2025 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы аграрлық тауар айналымы 22%-ға өсіп, 19,4 млн АҚШ долларын құраған. Қазақстаннан Пәкістанға негізінен кептірілген бұршақ дақылдары, зығыр тұқымы, қарақұмық және басқа да өнімдер экспортталады.
– Пәкістанмен ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл – екіжақты қатынастардың маңызды бағыты және ауыл шаруашылығы өнімдері саудасында оң серпін байқалады. Екі ел арасындағы аграрлық сауданы одан әрі өсіруге және әртараптандыруға айтарлықтай әлеует бар. Қазақстан бұршақ және майлы дақылдар, өсімдік майлары, кондитерлік және ұн өнімдері, сондай-ақ ет пен ет өнімдері экспортын кеңейтуге мүдделі, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Әсіресе қазақстандық астықты жеткізу мүмкіндіктеріне, соның ішінде B2B форматы бойынша экспортқа ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапынан жеткізу операторы ретінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ әрекет ете алады, компания пәкістандық әріптестерге өзінің экспорттық әлеуетін таныстырды.
Сонымен бірге, жаһандық климаттық өзгерістер бойынша аграрлық ғылым мен заманауи биотехнологиялар саласында бірлесіп жұмыс істеу маңыздылығы атап өтілді.
Отырыста қазақстандық вице-министр Пәкістанның Азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер министрлігінің өкілдерімен кездесті және бірқатар бағыттар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Олардың қатарында Пәкістанға азық-түлік бидайын, майлы дақылдар мен күнбағыс майын жеткізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту, қазақстандық аграрлық өнімнің экспорттық географиясын кеңейту, сондай-ақ АӨК саласындағы ғылыми-зерттеу және білім беру бағытында ынтымақтастықты тереңдету бар.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасының Азық-түлік қауіпсіздігі министрлігі арасындағы өзара іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойылды.

Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан астанасы Исламабад қаласына ресми сапармен барды.
Пәкістандық кәсіпкерлер Қазақстанның Орталық Азияға, Ресейге, Еуропаға және Қытайға жол ашатын маңызды қақпа екенін атап өтті. Өз кезегінде Пәкістан Африкамен, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азиямен жерүсті саудасына жол ашады.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстан мен Пәкістан арасында инвестициялық қатынастардың қай бағытта өрбитінін айтып берді.