Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Аптаның алғашқы күні Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы Қызылорда облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Ол 1972 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Тарих», «Экономика», Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1994 жылы Жаңақорған ауданындағы № 239 мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2001-2016 жылдары Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім беру, тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың басшысы, Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы жауапты қызметтерін абыроймен атқарған.
2016-2021 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болды.

2022-2023 жылдары Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, 2023 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Бұған дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарды.

Дәл сол күні Нұржан Исламбеков СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып, жаңа орнына жайғасты. https://kaz.inform.kz/news/sko-memlekettk-mulk-zhane-zhekeshelendru-departamentnn-basshisi-tagayindaldi-37a494/

Нұржан Батырбекұлының жалпы еңбек өтілі — 27 жыл. Білімі — жоғары. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген.

Кейінгі бір жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.

28 шілдеде Айнұр Сатаева да Еңбек министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды. 

Айнұр Қанапияқызы 1966 жылы дүниеге келген.

2002 жылы Алматы экономика және статистика институтын бітірген.

1997 жылдан бастап әлеуметтік қорғау және еңбек инспекциясы салаларында жұмыс істеп келе жатыр.

2017 жылдан осы уақытқа дейін Қостанай облысы еңбек, әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

Өткен аптаның сейсенбісінде Түркістан облысы прокурорының жаңа орынбасары жұмысқа кірісті. https://kaz.inform.kz/news/daulet-tlemisov-turkstan-oblisi-prokurorinin-orinbasari-boldi-642c33/

Бұл қызметке бұрын Сайрам ауданының прокуроры қызметін атқарған Дәулет Тлемисов жайғасты.

Даулет Сейітжанұлы 1982 жылы 27 қыркүйекте Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетін аяқтаған. Әділет кеңесшісі сыныптық шеніне ие.

Құқық қорғау органдарындағы қызметін 2005 жылы Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. 2010 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының құрылымында түрлі қызметтерді атқарды — бөлім прокуроры, басқарма прокуроры, сондай-ақ облыс прокурорының көмекшісі лауазымдарында еңбек етті.

2016–2020 жылдар аралығында Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары, Шымкент қаласы Абай ауданы прокурорының орынбасары, сондай-ақ Төлеби ауданының прокуроры лауазымдарын атқарды.

2021 жылдың қаңтарынан бастап осы күнге дейін Сайрам ауданының прокуроры лауазымын атқарып келді.

Араға 2 күн салып Абай облысы Жаңасемей ауданының әкімі ауысты. Ауданның жаңа әкімі болып Нұржан Әбдікәрімов сайланды. 

Нұржан Оразбекұлы 1971 жылы 9 мамырда Семей облысы Үржар ауданы Сегізбай ауылында дүниеге келген.

1996 жылы Семей мемлекеттік университетін «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығы, 2013 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Семей облысы Таскескен ауданындағы Тасбұлақ орта мектебінде бастап, 2007 жылға дейін жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, тарих пәнінің мұғалімі, тәрбие ісінің меңгерушісі, мекеме директоры қызметтерін атқарды.

2007-2009 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Салқынбел ауылдық округінің әкімі;

2009-2013 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық білім бөлімінің басшысы;
2013-2017 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы әкімі аппаратының басшысы;
2017-2021 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары;
2021-2023 жылдары — Абай облысы Абай ауданының әкімі;
2023-2024 жылдары — Абай облысы әкімінің кеңесшісі;
2024-2025 жылдары — Абай облысы «АМАНАТ» партиясының атқарушы хатшысы;
2025 жылғы 22 мамырдан 2025 жылдың 30 шілдесіне дейін Абай облысы Жаңасемей ауданы әкімінің кеңесшісі.

2025 жылдың 31 шілдесінен бастап Абай облысы Жаңасемей ауданының әкімі болып сайланды.

1 тамыз күні Дархан Алиақпаров Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне қарасты Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Дархан Жұматайұлы еңбек жолын 2008 жылы Жезқазған жылу электр орталығында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-інде машинист-обходчик болып бастап, станция ауысымының бастығына дейінгі қызмет сатыларынан өтті.

2014 жылдан бастап атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау жүйесінде қызмет атқарып келеді. Астана қаласы бойынша аумақтық департаментте бас маманнан бастап, департамент басшысының орынбасары және басшысы лауазымдарына дейін түрлі қызметтерді атқарды. Кейін Комитеттің жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс, аумақтық бөлімшелер қызметін үйлестіру және мониторинг басқармасын басқарды.

2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Дархан Жұматайұлының жоғары білімі бар. Ол академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (техникалық физика мамандығы), «Тұран-Астана» университетінің (құқықтану мамандығы), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының (бизнес және басқару бағыты) түлегі.

Дәл осы күні Мейірлан Раханов Абай облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 

Мейірлан Раханов 1988 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы Қарағанды әкімдігінің ішкі саясат басқармасында бастаған.

2012 жылы Қарағанды облысы бойынша салық басқармасында жетекші маман болып жұмыс істеді.

2012-2013 жылдар аралығында Қарағанды облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бас маманы қызметін атқарған.

2013-2016 жылдары — Ақпарат комитетінің баспа БАҚ бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2016-2021 жылдары — Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің сарапшысы, кеңесшісі, инспекторы.

2021 жылғы шілдеден 2023 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі секторының меңгерушісі болды.

Соңғы жаңалықтар