Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

Е. Жамаубаев 1974 жылы 25 наурызда Алматы облысында туған. Білімі жоғары, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, «Қаржы және кредит», 2009 жылы Қазақ экономикалық университетін бітірген, «Іскерлік әкімшілендіру магистрі».

Еңбек жолын 1996-1998 жылдары – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы болып бастаған.

1998-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Зерттеулер және статистика департаментінің жетекші сарапшысы, бас сарапшысы, бас маман-сарапшысы, басқарма бастығы, директор орынбасары; 2006-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Үйлестіру департаментінің директоры.

2014-2015 жылдары – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-ның басқарушы директоры. 2015 жылғы шілде мен қараша аралығында – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2015 жылғы қараша мен 2018 жылғы қараша аралығында -Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі.

2018 жылғы қараша мен 2019 жылғы наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі. 2019 жылдың наурыз айынан бастап - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы болды. 2020 жылдың 18 мамырынан бері ҚР Қаржы министрі қызметін атқарып келді. 2022 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Сырымбет Ерденұлы Қаскеев ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сырымбет Қаскеев 2014 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін қолданбалы математика және информатика мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Халықаралық Валюта Қорының қаржылық бағдарламалау және саясат, фискалдық талдау және болжау бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

2014-2016 жылдар аралығында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ талдамалық зерттеулер және болжамдау орталығының аға сарапшысы, директордың орынбасары лауазымдарын атқарды. 2016 жылдан бастап 2017 жылға дейін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да стратегия және жоспарлау департаментінің бас менеджері лауазымында жұмыс істеді.

2017-2020 жылдары «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ талдау және зерттеулер департаментінің бас менеджері қызметін атқарды, 2020-2022 жылдары «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жобалық қаржыландыру және инвесторлармен жұмыс департаменті жобасының басшысы болды. 2022 жылғы сәуірден бастап ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің макроэкономикалық саясат департаментінің директоры қызметін атқарды. Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі.

***

Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі негізінде Бас прокурордың 2024 жылғы 17 мамырдағы бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Руфат Бауыржанұлы Құттықов Ақмола облысының прокуроры лауазымына тағайындалды.

Р.Б. Құттықов еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған. Әр жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуроры, Атырау облысы Атырау қаласының прокуроры, Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның Жолданымдармен жұмыс және іс жүргізу департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2022 жылдан бастап Маңғыстау облысының прокуроры болды.

***

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне Абзал Әбдікәрімов тағайындалды.

А. Әлиұлы 1987 дүниеге келген. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Лондондағы Корольдік колледжін, 2011 жылы Бизнес мектебін, 2013 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2010 жылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінде бастап, ұлттық компанияларда түрлі лауазымда жұмыс істеген. 2016 - 2019 жылдары арылығында ҚР Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі, Департамент директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған.

Ал 2019 - 2022 жылдары аралығында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментін басқарған. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарып келді.

***

ҚР Көлік министрлігінің бұйрығымен Абылай Қазбаев Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды.

А. Сәлімгерейұлы 1965 жылы Ақтөбе облысында туған. Алматы теміржол көлігі инженерлерінің институтын және Қазақ мемлекеттік заң университетін құрылысшы, юриспруденция мамандықтары бойынша тәмамдады. Әр жылдары кедендік бақылау саласында басшылық қызметтер атқарған.

Ал осы тағайындауға дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып еңбек етті.

***

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің келісімімен Қуанышбек Жанболатұлы Мұханғалиев Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Қуанышбек Жанболатұлы 1987 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын дәстүрлі музыкалық өнері және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің инспекторы, бас сарапшысы, Құрманғазы оркестрінің директоры, Астана қаласы әкімдігі Тәуелсіздік сарайы директорының міндетін атқарушы қызметтерінде болды.

Қазіргі тағайындауға дейін БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

***

21 мамырдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ шешіміне сәйкес, «QAZAQAIR» АҚ басқарма төрағасының міндетін уақытша атқару «QAZAQ AIR» АҚ басқарма мүшесі — қаржы директоры Әділбек Жұмабайұлы Өмірәлиевке жүктелді.

Ә. Өмірәлиев 2010 жылдан бастап «Самұрық — Қазына» АҚ-ның активтерді басқару салалық блогында жұмыс істеді және қордың кадр резервіне кірді. 2019 жылы ол «QAZAQ AIR» АҚ-ның қаржы директоры — басқарма мүшесі лауазымына ауысты.

Ол М. Ломоносов атындағы ММУ қолданбалы математика және информатика мамандығы бойынша білім алып, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін бітірген. European University Business School білім ордасында халықаралық бизнес мамандығы бойынша МБА дәрежесін алды, сондай-ақ ол IATA бағдарламасы бойынша Airline Management дипломының иегері.

Соңғы жаңалықтар