Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Әсел Жанасова 1987 жылы Алматы қаласында туған. Кембридж университетін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы «ENRC Kazakhstan» өндірісті автоматтандыру және байланыс департаментінің ақпараттық технологиялар жөніндегі маманы болып бастады.
2016-2017 жылдары — «Зерде» ҰБХ» АҚ басқарма төрайымы.
2018-2020 жылдары — «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры.
2020-2022 жылдары ҚР сауда және интеграция вице-министрі болды.
2022-2025 жылдар «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарды.
2025 жылдың 8 маусымынан бастап Президент кеңесшісі қызметін атқарды.

Осы аптада Айбек Смадияров ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкілі қызметінен кетті.
Айбек Смадияров II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Ол 1983 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстандағы Қытай банкі» АҚ Әкімшілік департаментінің маманы ретінде бастаған. 2006 жылдан 2008 жылға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы ретінде қызмет атқарды.
2008-2010 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің атташесі және үшінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.
2010-2012 жылдар аралығында Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде үшінші хатшы қызметін атқарды.
2012 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, ал 2013-2014 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды.
2014 жылдан 2018 жылға дейін Вьетнамдағы ҚР Елшілігінде екінші және бірінші хатшы қызметінде жұмыс істеді.
2018-2019 жылдары ҚР СІМ баспасөз қызметін басқарып, 2019-2023 жылдар аралығында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.
2023 жылғы маусымнан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры – Ресми өкілі болды.
2025 жылдың 4 наурызында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы — Ресми өкіл болып тағайындалды.

Шығыс Қазақстан облысы Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Нариман Алмасұлы тағайындалды.
Нариман Алмасұлы еңбек жолын 1995 жылы заңгер кеңесшісінің көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары Алматы облыстық сотының сот отырысының хатшысы, ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің бас маманы, ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің «Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМК жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бөлімі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша филиалының автомобиль көлігін бақылау бөлімінің жетекші маманы, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының қаржы-экономикалық және заң мәселелері жөніндегі орынбасары, «Қазақстан стандарттау және сертфикаттау институты» РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары, Үлкен Нарын ауданы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы лауазымдарында еңбек етті.
2025 жылғы 13 мамырдан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының жолаушы көлігі мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған.
Ал бұрынғы басшы Данияр Уахитов Өскемендегі Шнайдер көпірінің дауынан кейін қызметтен босатылған болатын.

Апта басында Дидар Сыдықбек «Тараз» футбол клубының директоры қызметіне тағайындалды.
Сыдықбек Дидар Бақытбекұлы 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кәсіпқой деңгейде футболшы ретінде әр жылдары «Қызылжар», «Астана-1964», «Ақтөбе», «Ордабасы» секілді командаларда ойнады. Қазақстан жасөспірімдер (U-17, U-19) және Қазақстан жастар (U-21) құрамаларының жейдесін киді.
2012 жылы Қазақстан кәсіпқой бірінші лигасының үздік жас футболшысы атанды.
Спорттық мансабын аяқтаған соң түрлі салада қызмет атқарды. Футбол фунционері жолындағы алғашқы қадамын «SD Family» директоры ретінде бастап, жеке клуб, стадион және балалар академиясын ашты. Сондай-ақ Қазақстан медиа футбол федерациясының негізін қалады.
ҚФФ жүргізген «Алаң» инфрақұрылымдық жобасының кеңесшісі ретінде еңбек етті.
2025 жылы «Атырау» футбол клубының бас менеджері қызметін атқарды. Оның басшылығымен команда Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды.