Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада Президенті Әкімшілігінде және облыстарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 27 қазан мен 2 қараша аралығындағы тағайындауларға шолу ұсынады.

тағайындау, шенеунік
Фото: GOV.KZ

Апта басында Абзал Нүкенұлы Нүкенов ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды. Кейінірек ол Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Абзал Нүкенов 1978 жылы 21 шілдеде Жетісу облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Саяси ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолын 2000 жылы бастаған. Алматы ішкі саясат департаментінде жұмыс істеген, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болған.

Әр жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің Ситуациялық орталығын басқарған, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.

Бұл тағайындауға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген.

Өңірлер бойынша, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы лауазымына Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов тағайындалды.

Қуаныш Ғалымжанұлы 1984 жылы 31 наурызда туған, қазақ, білімі жоғары. Қаржы және несие, құқықтану, педагогика және психология мамандықтары бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2005 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің бас маманы лауазымынан бастаған.

2006-2021 жылдары жеке секторда және мемлекеттік органдарда жауапты басшылық қызметтер атқарды.

2021-2024 жылдары Түркістан облысы Кентау қаласы әкімінің орынбасары, 2024-2025 жылдары Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

2025 жылдың 4- қыркүйегінен бүгінге дейін Шымкент қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

Ал Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып полковник Мадияр Мырзагелдиев тағайындалды.

Мадияр Мырзагелдиев 1987 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылында дүниеге келген. 2008 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша тәмамдаған. 2025 жылы ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын бітіріп, өрт қауіпсіздігі инженері, ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі біліктілігін алған. Еңбек жолын Астана қаласы өртке қарсы қызмет департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің инженері болып бастаған. Одан кейін басқармада аға инженер лауазымында қызмет еткен.

Әр жылдары Астана қаласы ТЖД Сарыарқа ауданы ТЖБ мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы, ҚР ІІМ ТЖК Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы төтенше жағдайлар басқармасының мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Алматы ауданы ТЖБ бастығының орынбасары болды. Сонымен қатар Астана қаласы ТЖД Сарыарқа ауданы ТЖБ бастығы, Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, Астана қаласы ТЖ департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.

2025 жылдың 13 маусымынан осы тағайындауға дейін Қызылорда облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарып келген.

Сондай-ақ Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшылығына Ринат Құдайбергенов тағайындалды.

Ринат Мәжитұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.

Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жетекші маманы, бас маманы, қаржы басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.

Қазірге дейін Байқоңыр қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметінде болған.

Сонымен бірге, Әбіш Кекілбаевтің немересі Абыл Кекілбаев Петропавлдағы «Қызыл-Жар» халықаралық әуежайы директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Абыл Кекілбаев Алматыда 1986 жылы дүниеге келген. Азаматтық авиация академиясын «Әуе көлігін пайдалану», Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Қаржы», Рига аэронавигация институтын «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарын пайдалану» мамандықтары бойынша және Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Сондай-ақ Канада, Сингапур мен Әзербайжан елдерінде білімін ұштаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Орталық Қазақстан әуе қозғалысын ұйымдастыру өңірлік орталығында бөлім диспетчері болып бастады.

2007-2008 жылдары - Аэронавигациялық ақпарат қызметі басшысының орынбасары;

2008-2009 жылдары - Орталық Қазақстан әуе қозғалысын ұйымдастыру өңірлік орталығы басшысының орынбасары;

2009-2014 жылдары - Аэронавигациялық ақпаратты басқару департаментінің басшысы болды.

2016–2017 жылдары Канаданың Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының аэронавигациялық бюросында еңбек етті.

Абыл Кекілбаев – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Орталық хатшылығында жұмыс істеген алғашқы қазақ азаматы.

2017–2019 жылдары ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі қызметін атқарған.

2020–2022 жылдары «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы басқарма төрағасының кеңесшісі болып жұмыс істеген.

Соңғы жаңалықтар