Қазақстанда «Ата-аналар академиясы» жобасы іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — «Ата-аналар академиясы» жобасын жүзеге асыру 2025 жылы басталады деп жоспарланған.

Бұл туралы елордада бала тәрбиесі жөніндегі халықаралық конференция қатысушыларына арналған құттықтау хатында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.
Атап айтқанда, министрдің сөзін форумда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен оқып берді.
— Тәрбие мәселелерінің өзектілігін ескере отырып, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттырудың маңызы жоғары. Мәдениет және ақпарат министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ), Оқу-ағарту министрлігімен және Қазақстандағы балалардың әл-ауқатын арттыру институтымен бірлесіп, 2025 жылы «Ата-аналар академиясы» жобасын жүзеге асыруды бастайды, — деді А. Балаева.
Осы жоба аясында бала тәрбиесіндегі озық халықаралық және ұлттық тәжірибе жинақталып, ата-аналарды үздіксіз ақпараттандыру және оқыту үшін алаң құрылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада балалар мен жастар тәрбиесіне арналған халықаралық конференция өтті.
Сонымен қатар, конференция барысында елімізде бұдан былай қамқоршылық органдарындағы қызметкерлердің саны еселеп артатыны мәлім болды.
Шарада «Kazakhstan Kids online» зерттеу нәтижелері де жарияланды. Соған сәйкес 5-8 жас аралығындағы қазақстандық балалардың 40 пайызы күн сайын бос уақытын интернетте өткізетіні белгілі болды.