Қазақстанда балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90 пайызға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90 пайызға жетіп, 3,5 млн баланы құрады. Оның ішінде 2,2 млн оқушы тегін үйірмелерге қатысқан. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Тегін үйірмелер: Астананың алты ауданында ата-аналарға арналған консультациялық пунктер ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Ведомство дерегінше, қосымша білім беру ұйымдарының желісі бір жылда 25 пайызға ұлғайып, екі мыңнан астам нысанға жеткен. Ауылдық жерлердегі балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында 1 000 комьюнити-орталық құру жұмыстары аяқталған. Соңғы үш жылда 4 200-ден астам баланы қамтитын 1 251 орталық ашылған.

- 2025 жылдың маусым айынан бастап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттарын біріктіретін бірыңғай ваучер жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Қазіргі таңда 600 мыңнан астам бала қосымша білім алуға ваучер алған. Жоба Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылып жатыр, - делінген ақпаратта.

«Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында мектеп кітапханаларын дамыту жұмыстары жалғасын тапты. edu.bookfund.gov.kz порталына 8 мыңнан астам мектеп пен колледж қосылып, оқырман белсенділігі 26,2 пайызға артқан. 2025 жылы мектеп кітапханаларының қоры 141 млн данаға жетті. Сонымен қатар 1 830 коворкинг-орталық ашу арқылы білім беру ұйымдарындағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасы жақсартылған.

2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» атты үш негізгі идеяға негізделген. Тәрбие жұмыстары алты негізгі құндылықты қамтиды: тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық.

Бағдарлама шеңберінде еліміздің барлық мектептерінде ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Орталықтардың негізгі мақсаты — бала тәрбиесі мен оқытуда отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын күшейту және позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Министрлік мәліметінше, 2025 жылы ата-аналардың мектеп өміріне қатысу белсенділігі екі есеге артқан. Ата-аналарға арналған сабақтарға қатысқандардың 62 пайызы тәрбие процесіне өзгеріс енгізуге дайын екенін білдірген.

Мұғалімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 82 пайызы бағдарламаның сынып жетекшілерінің кәсіби дамуына оң әсер еткенін, 84 пайызы оқушылардың белсенділігі артқанын, ал 71 пайызы мектеп пен отбасы арасындағы өзара ынтымақтастықтың күшейгенін атап өткен.

Айта кетейік, Ақтөбеде қысқы демалыста оқушыларға үйірмелер ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар