Қазақстанда балаларына қорлық көрсететін отбасыларды анықтаудың алгоритмі әзірленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде отбасында қысымға тап болып, қорлыққа ұшырайтын балаларды анықтаудың арнайы методикасы әзірленді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Балаларды ұрып-соғып, оларға психологиялық қысым көрсеткендер қатаң жазалануы тиіс. Өз кезегінде полиция қызметкерлері үйлерді аралау жедел профилактикалық шарасы кезінде аталған мәселеге мән береді. Әсіресе кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеп отырған отбасылар ерекше назарда. Осы мақсатта біздің министрлік балаларға күш көрсетіп, зорлық-зомбылық болуы мүмкін отбасыларды анықтаудың арнайы методикасы мен алгоритмін әзірледі», - деді Жасұлан Жұманалин министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, әкімшілік полиция комитеті басшысының орынбасары, құзырлы министрлікпен бірлесіп, білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2021-2022 жылдарға арналған жол картасы дайындалғанын тілге тиек етті.

«Әзірленген жол картасының аясында бірқатар шара қарастырылған. Нақты айтсақ, білім мекемелері қабырғасында төтенше жағдайда әрекет ету жаттығуларын өткізу, лаңкестік әрекеттердің алдын алу шарасын ұйымдастыру қолға алынады. Сол сияқты, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарын орталықтандырылған бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету де жоспарланған», - дейді ол.

Бұған дейін елімізде балалардың қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелгенін хабарлаған едік. Сондай-ақ, брифингте білім мекемелерін лаңкестік әрекеттерден қорғаудың арнайы нұсқаулығы бекітілгені айтылды. Одан бөлек, Қазақстанда балаларға қарсы жасалатын қылмыс 17%-ға азайған.


Соңғы жаңалықтар