Қазақстанда берілген дипломдар Азия-Тынық мұхиты елдерінде танылатын болды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады. Токио конвенциясы ретінде белгілі бұл құжат академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тануды жеңілдетуге бағытталған.
2011 жылы Токио қаласында қабылданған бұл конвенция Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттер арасында жоғары білім саласындағы біліктілікті тануға ортақ қағидаттарды ұстану бағытында ынтымақтастық орнатады.
— Қазақстан үшін бұл қадам халықаралық білім кеңістігіне ықпалдасу саясатының қисынды жалғасы болып саналады. 1998 жылы еліміз Лиссабон конвенциясына қосылғаннан кейін шетелдік білім құжаттарын танудың тиімді жүйесін қалыптастырып, еуропалық елдермен өзара тануды қамтамасыз етті. Ал Токио конвенциясын ратификациялау Қазақстанға Азия-Тынық мұхиты өңірінің ұлттық ақпараттық орталықтар желісінің (APNNIC) мүшесі болуға мүмкіндік береді. Бұл желі қатысушы елдердің біліктіліктерді танудағы ақпарат алмасуын қамтамасыз етіп, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттырады, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысында.
Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында Аустралия, Жапония, Қытай, Корея, Түркия және басқа елдер бар. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Конвенцияны ратификациялау жұмысын бастады.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанға мынадай мүмкіндіктерді ашады:
• Отандық жоғары оқу орындарының білім қызметтерін экспорттау нарығын кеңейтеді.
• Ұлттық жоғары білім жүйесіне халықаралық сенімін нығайтады.
• Қазақстанда алынған дипломдарды Азия-Тынық мұхиты өңірінде тануға қойылған кедергілер жойылады.
• Заманауи білім беру тәжірибелері мен технологияларын алмасуға жағдай жасалды.
— Біздің мақсатымыз — Қазақстанда берілген дипломдарды бүкіл әлемде тану қағидаттарына кепілдік беру. ЮНЕСКО тарапынан Жаһандық дипломдарды тану конвенциясы бар. Оған Қазақстан әлі қосылған жоқ. Бүгінгі ратификация бүкіл әлемде дипломдарымыздың танылуына жасалған үлкен қадам ретінде қабылдаңыздар, — деді С. Нұрбек.
Бұған дейін экономист Сапарбай Жұбаев Өзбекстан жастары үшін дипломды растау (нострификация) талабын алып тастау керегін айтқан еді.
Айта кетейік, Қазақстан студенттері Эстония университеттерінен тағылымдамадан өтеді.