Қазақстанда француз инвестициясы бар 170 компания жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан мен Франция арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға арналған Қазақстан-Франция бизнес-форумы өтті.

Онда Қазақстан экономикасының негізгі салаларына — энергетика, агроөнеркәсіп, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы және орнықты қалалық даму бағыттарына француз инвестициясын тарту және әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстан мен Франция арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
− Франция − Қазақстанның Еуропалық одақтағы басты әріптестерінің бірі. Бүгінде елімізде француз капиталының қатысуымен TotalEnergies, Orano, Alstom, Vicat, Danone, Air Liquide сияқты 170-тен астам компания жұмыс істейді. Франция Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына кіреді және ЕО елдері ішінде инвестиция көлемі бойынша бірінші орында тұр — соңғы жылдары бұл көрсеткіш $17 млрд-тан асты. Өткен жылы 300 млн доллар көлемінде 6 бірлескен жоба жүзеге асырылды, ал қазір 20-дан астам бастама қаралып жатыр. Біз француз бизнесінің Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, − деді вице-министр форумның ашылуында.
Форум аясында «Ынтымақтастықты нығайту, әртараптандыру және инновациялар — Қазақстан-Франция қарым-қатынастарының даму болашағы» тақырыбында пленарлық және 4 панельдік сессия өтті. Бұл үшін Францияның Vinci, Sanofi, Schneider Electric, EDF, Veolia, Limagrain, Egis, Orano, Danone, Air Liquide, Bonduelle, Axens, Richel, IMV Technologies сияқты жетекші компанияларының басшылары келді.
Панельдік сессиялар энергетика мен көлік инфрақұрылымын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік ынтымақтастық, денсаулық сақтау және биотехнологиялар, сондай-ақ орнықты қалалық даму және коммуналдық қызмет көрсету тақырыптарына арналды.
Франциялық спикерлер қазақстандық нарыққа қызығушылық жоғары екенін айтып, басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді. Орнықты даму, жергілікті өндірісті арттыру, технологиялар трансфері және екі ел компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форум қорытындысы ретінде түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Сонымен бірге, B2B және B2G форматтарында кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар нақты бастамаларды және мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Айта кетейік, елордада Италия-Қазақстан жеткізу тізбегі жөніндегі халықаралық форумы қатар өтіп жатыр.