Қазақстанда қанша бала үйірме мен секцияларға барады

Қазақстанда 3 миллионнан астам баланы қамтитын қосымша білім беру жүйесі белсенді дамып келеді. Жалпы 24 390 педагог үйірмелер мен секциялардың 380 түрі бойынша сабақ береді, деп хабарлайды Kazinform.

балалар
Фото: Pexels

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, 2025 жылға қарай мектеп спорт секцияларында балаларды қамту санын 50% дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Оқушылардың 3 миллионнан астамы немесе 81% қосымша біліммен қамтылған, бұл балаға өнерге, спортқа, музыкаға немесе ғылымға деген қызығушылықты арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қосымша білім, білік және дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Президент тапсырмасымен балаларды сауықтыратын 50 орталық ашылып жатыр, 37 оқушылар сарайы мен 63 өнер мектебі салынуда», – деді Еділ Оспан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Биыл ауыл мектептерінде мектептен тыс қосымша білім беру бойынша 300 орталық ашылды. 2025 жылға дейін дәл осындай 1000 орталық ашылады.

«Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар 188 мың бала үшін психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің саны 210-ға дейін артты. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар саны 89-ға жетті. 2029 жылға қарай тағы 34 консультация, 26 түзету кабинеті, 200 инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланған. Бүгінгі күні 10 мемлекеттік орталық және 640 инклюзивті қолдау кабинеті аутизмі бар балаларға белсенді түрде көмек көрсетуде», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Айта кетейік, жыл сайын 20 қарашада әлем қауымдастығы БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысымен Дүниежүзілік балаларды қорғау күнін атап өтеді. Қазіргі уақытта халқымыздың үштен бірінен астамы – балалар.

Соңғы жаңалықтар