Қазақстанда қанша тонна көмір өндіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өткен жылыту маусымын қорытындылап, көмірмен үздіксіз қамту шаралары туралы айтып берді. 

Қазақстанда қанша тонна көмір өндіріледі
Фото: Gov.kz

− Өткен жылдың қорытындысы бойынша, шамамен 110 миллион тонна көмір өндірілді. Оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор – 8,6 миллион тонна, энергия және жылу өндіруші кәсіпорындар – 66 миллион тонна, өнеркәсіп секторы – 6 миллион тоннамен қамтамасыз етілді. Экспортқа 30 миллион тонна көмір шығарылды, − деді Ерсайын Нағаспаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Өткен жылдың төрт айында 36,4 миллион тонна көмір өндірілсе, биылғы 4 айда өндіріс көлемі 4,3 пайызға артқан.

Министрдің айтуынша, өткен жылы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор 7,9 млн тонна көмір тұтынады деп жоспарланды және барлық тұтынушы толық көлемде көмірмен қамтылып, жоспар 101 пайызға орындалған.

− Республикалық штабтың «Қазақстан темір жолы», жергілікті атқарушы органдармен және көмір өндірушілермен бірлескен жұмысы арқылы көмір тұрақты жеткізілді. Қоймалар мен теміржол тұйықтарында шамамен 350 мың тонна көмір қоры бар. 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымына көмірді үздіксіз жеткізу жоспары әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға, ҚТЖ және көмір компанияларына жолданды, − деді министр.

Сонымен бірге, көмірді тұрақты жеткізу үшін «Қазтеміртранспен» бірлесіп, көмір компанияларын қажетті вагондармен қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасалып жатыр.

Айта кетейік, елімізде биыл энергетика саласында бірқатар қуат көзі іске қосылады. Оның ішінде 9 объект – жаңартылатын энергия көздеріне жатады.

 

Соңғы жаңалықтар