Қазақстанда құқығы бұзылған балалар БҰҰ комитетіне жүгіне алады – заң жобасы
Мәжілісте «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы жобасы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Заң жобасын Парламент Мәжілісінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев таныстырды.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке «Бала құқықтары туралы конвенцияның» хабарламалар рәсіміне қатысты факультативтік хаттамаға қосылу туралы шара қабылдауды тапсырған еді. Осы мақсатта биыл 7 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдағы еліміздің тұрақты өкілі бұл факультативтік хаттамаға қол қойды.
«Үшінші факультативтік хаттама ратификацияланған жағдайда еліміз «Бала құқықтары туралы конвенцияның» барлық факультативті хаттамаларына толығымен қосылуды аяқтайды, ал қазақстандық әр бала өз құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау мүмкіндігіне ие болады. Факультативті хаттамаға сәйкес, балалар мен олардың заңды өкілдері БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетіне ел аумағындағы барлық ішкі құқық қорғау құралдары арқылы, соның ішінде барлық деңгейдегі соттарда қаралып, шыққан шешіммен келіспеген жағдайлар бойынша ғана жүгінуге құқылы», - деп түсіндірді Оқу-ағарту министрі.
Ал факультативтік хаттама аясында түскен хабарламаларды БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеті құпия және жабық тәртіппен қарап, ұсынымдарын қажетті шараларды қабылдау үшін қатысушы мемлекетке жолдайды.
«Мемлекетіміз 1994 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны, 2001 жылы оның «Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты» және «Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына» қатысты екі хаттамасын ратификациялады. Бүгінде үшінші факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы біз балалар құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз», - дейді министр.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ратификациялап отырған хаттамада адам мен азаматтың ҚР Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалар қамтылмағанын атап өтті.
«Осы заң жобасын қабылдау Бала құқықтары жөніндегі комитетке балалардан және олардың өкілдерінен құқықтарының болжамды бұзылуы туралы хабарламаларды қарауға мүмкіндік береді. Хаттамада Конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайда жеке шағымдарды қарау тетіктері көзделген. Бұл өз кезегінде балаларға өз мүдделерін халықаралық тұрғыда қорғау құқығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның бұл хаттамаға қосылуы балаларды қорғаудың құқықтық деңгейін арттырады», - деді Р. Зайытов.
Депутаттар заң жобасын қабылдауды жақтап дауыс берді.