Қазақстанда салалық ЖИ модельдер құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллектті табысты енгізу үшін сапалы салалық деректер қажет. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.

Қазақстанда геологиялық деректерді жасанды интеллект көмегімен цифрландыру бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр
Фото: ortcom.kz

Сапалы деректер — жасанды интеллект үшін негізгі ресурс және бірқатар мемлекеттік орган деректерді цифрландырудың қолайлы деңгейіне жетті. Бұл жасанды интеллектті қолданып, түрлі цифрлық шешімдерді жасауға мүмкіндік берді.

— Ендігі кезеңде біз салалық ЖИ модельдерді құруға кірістік. Осындай модельдер негізінде жасалған жасанды интеллект өнімдері жылдамырақ, дәлірек жұмыс істейді және оларды өндіріс орындарында жергілікті деңгейде пайдалануға болады, — деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар, экономиканың нақты секторында жасанды интеллектті енгізу үшін деректерді цифрландыру деңгейі жеткіліксіз екені байқалады.

— Қазіргі уақытта салалық деректердің орташа цифрлық дайындық деңгейі 57 пайызды құрайды. Жасанды интеллектті табысты енгізу үшін цифрландыру деңгейі 90 пайыздан жоғары болуы қажет. Сондықтан биыл салалық мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп осы бағытта жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларының орнына өндірістерді цифрландыру бойынша өзара міндеттемелер тетігін енгізуге басымдық беріледі, — деді сала министрі.

Бұдан бұрын Мәдиев барлық ведомстволық жүйе QazTech бірыңғай платформасына көшірілетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар