Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі жасала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аумағында тыйым салынған авторлардың жеке тізімі жасалмайды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі агенттіктің ресми сауалына жауап ретінде хабарлады. 

Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі жасала ма
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ведомствоның айтуынша, есепке авторлардың өзі емес, ел аумағында сақтау, әкелу, тасымалдау және таратуға сот арқылы тыйым салынған материалдар ғана алынады.

– Барлық сұратылған материал ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтында жарияланады. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында діни сараптамалар бойынша оң қорытынды берілген есептер тоқсан сайын жарияланып отырады, - делінген ресми жауапта.

Діни әдебиетті қай жерде таратуға рұқсат етілген

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 9-бабына сәйкес, діни әдебиетті және басқа да діни мазмұндағы материалдарды мына орындарда таратуға рұқсат етілген:  

– құлшылық ғимараттарында (ғибадат үйлерінде);

– діни білім беру ұйымдарында;

– облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда ғана.

Діни әдебиетті елге әкелуге (жеке қолдануға арналған бір данадан басқа) тек тіркелген діни бірлестіктерге және тек діни сараптаманың оң қорытындысынан кейін ғана рұқсат етіледі.

Сараптама қалай жүргізіледі

Қазақстанда діни сараптама жүргізуді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті жүргізеді. Комитет мәліметіне сәйкес, Діни сараптама жүргізу қағидаларының 6-тармағына сәйкес, сараптама жүргізуге мыналар негіз бола алады:

– жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органға жүгінуі;

– діни әдебиеттің, басқа да діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың ҚР ұйымдарының кітапхана қорына түсуі;

– жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркелуге және діни бірлестіктерді тіркеуге жүгінуі;

– діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды (жеке пайдалануға арналғанынан басқа) елге әкелу;

– қызмет көрсетуші басшысының бұйрығы;

– діни әдебиетті және басқа да діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды дайындау, шығару және тарату.

Сараптаманың оң қорытындысын алған нәтижелері Дін істері комитетінің ресми сайтында жарияланады.

Заң бұзғандарға жауапкершілік қандай

Діни материалдарды сараптамасыз дайындау және тарату үшін жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3) тармақшасына сәйкес, бұл талаптарды бұзғандарға мынадай жаза қарастырылған:

– жеке тұлғаларға — ескерту немесе 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл;

– заңды тұлғаларға — 100 АЕК мөлшерінде айыппұл.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті Қазақстандағы медреселер жұмысы қалай реттелетінін түсіндірген еді. 

Соңғы жаңалықтар