Қазақстанда цифрлық логопед пайда болуы мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда 1,5-6 жас аралығындағы тілі кешеуілдеп шығатын балаларға арналған цифрлық платформа іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтылды. 

логопед
فوتو: depositphotos.com

Мамандардың пікірінше, мәселе өзекті. Әлемде балалардың шамамен 30 пайызы кеш сөйлесе, Қазақстанда әрбір төртінші балада осындай қиындық бар. AR SANA жобасы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.

— Идея алдымен «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк университетінде оқып жатқан Айнұр Нұрәділге келген. Оның 15 жылдық тәжірибесі бар. Ол шетелдегі білімін Қазақстанда дамытқысы келеді. Алдымен ата-аналармен байланыстық, мәселелерді зерттедік. Осылайша, стартапқа кірістік, — дейді жобаның менеджері Нұрай Кинетова.

Нұрай Кинетова
Фото: видеодан алынған скрин

Жоба аясында екі бірдей платформа әзірленген. Біріншісі — логопедтерге арналған AR SANA LAB жүйесі. Ол арқылы мамандар баланың даму динамикасын бақылап, жеке жаттығулар ұсына алады. Екіншісі — балаларға арналған мобильді қосымша. Онда логопедиялық жаттығулар ойын форматында ұсынылып, баланың қызығушылығын арттыру көзделген.

— 17 мыңнан астам сөйлеу үлгілері бар. Жасанды интеллект іске қосылған. Анимациясына да ұзақ уақыт жұмсалды. Сана деген цифрлық логопед бар. Алдағы уақытта Әміртай деген қатарға қосылады, — деді жобаның әзірлеушісі Самир Хайргелдин.

Жобаны алдағы уақытта ЮНИСЕФ және «Асыл мирас» қорымен бірлесіп пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. 

— Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan — 2026» форумында жобаға қызығушылар көп болды. Шара аясындағы байқаудан ІІІ орын алып, 3 млн теңге қаржылай жүлде алдық. Инвесторлар тарапынан ұсыныстар бар. Алдағы уақытта солармен жұмыс істейміз, — деді Нұрай Кинетова.

Еске сала кетейік, халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы алғаш рет Қазақстанда өтеді.

Соңғы жаңалықтар