Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатындарға балдық жүйе енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге салынатын айыппұлға қоса балдық жүйе енгізу ұсынылып отыр. Ішкі істер министрлігі тиісті түзетулерді жыл соңына дейін Құрылтай қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

Астанада жол ережесін бұзғандар камера арқылы анықталып, жауапкершілікке тартылды
Фото: Астана әкімдігі

Оның айтуынша, мұндай бастама айыппұлға мән бермейтін жүргізушілерге байланысты туындаған. Кейбір азаматтар жылына 50-100 айыппұл төлесе де, жол ережесін бұзуды қоймайды.

– Мұндай адамдарға қаржылық шаралар әсер етпейді. Сондықтан осындай ұсыныс пайда болды. Біз кеңестік кезеңдегі тәжірибені еске алдық. Ол кезде жүргізуші куәлігінде арнайы белгі қойылатын. Әкелеріміз бен аталарымыз мұндай белгіден қатты қорқатын. Яғни жүргізуші ережені бір рет бұзса, куәлігіне белгі қойылады, екінші рет те солай. Содан кейін ата-аналарымыз жол ережесін бұзудан қатты сақтанатын, – деді Игорь Лепеха.

Алдын ала ұсыныс бойынша жүргізушіге бір жыл ішінде 20 балл жинау шегі белгіленуі мүмкін. Балл саны жасалған құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай есептеледі. Мысалы, жылдамдықты сағатына 10 шақырымға арттырғаны үшін бір балл, ал бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткен жағдайда үш балл есептелуі мүмкін.

Алайда вице-министр бұл көрсеткіштердің әзірге түпкілікті бекітілмегенін атап өтті.

–Мұндай көрсеткішке жол ережесін жүйелі түрде бұзатын, яғни жүргізушілердің шамамен 1 пайызы жетеді. Ондай жағдайда жүргізуші куәлігінен айырылады, – деп түсіндірді ол.

Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі де әзірге талқыланып жатыр. Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі – алты ай немесе бір жылға жүргізу құқығынан айыру. Одан кейін жүргізуші жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін анықтайтын емтиханды қайта тапсыруы керек болады.

ҚР ІІМ Бас прокуратурамен бірлесіп, балдық жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін де тексерген. Пилоттық жобада мамандар жүргізушілер жасаған құқықбұзушылықтар үшін қанша балл жинауы мүмкін екенін есептеп көрген. Бұл ретте нақты балл есептеліп, ешкімге жаза қолданылмаған.

– Пилоттық жүйе аясында ешкімді жазалаған жоқпыз. Заң қабылданбайынша, мұндай шараны қолдану заңсыз болады, – деді Игорь Лепеха.

Егер балдық жүйе заң жүзінде бекітілсе, Ішкі істер министрлігі әрбір құқықбұзушылық үшін қанша балл есептелетінін анықтайды.

– Меніңше, бұл мәселені депутаттық бастама тәртібімен көтереміз. Егер депутаттардың бірі бізді қолдаса, бұл мәселені қуана ұсынамыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды көктемде бастап қойғанбыз. Енді осы жылы мәселені Құрылтайдың қарауына енгіземіз деп ойлаймын, – деді ІІМ басшысының орынбасары.

Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Stadler вагондарын қазан айының соңы мен қараша айының басында жүре бастайды.

Қазақстан полициясына 20 мыңнан астам қызметкер жетіспейді.

Бұған дейін Игорь Лепеха Астанада туристік полицияда қызмет еткен екі қызметкердің жұмыстан босатылуы жөнінде түсініктеме берді.