Полиция қызметкеріне жат қылық: Вице-министр жұмыстан шығарылған туристік полицейлер туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Астанада туристік полицияда қызмет еткен екі қызметкердің жұмыстан босатылуы жөнінде түсініктеме берді.
Үкіметте өткен брифингте журналистер министрліктің не себепті тәртіптік жаза ретінде жұмыстан шығаруды таңдағанын және қызметкерлердің әрекеті полицияға қандай зиян келтіргенін сұрады.
Игорь Лепеха бұл шешім қоғамда қызу талқыланып, қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінгенін атап өтті.
— Біреулер қолдады, енді біреулер үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл мәселені тәртіптік комиссия қарады. Комиссия олардың әрекетінен кем дегенде қызметтік әдеп талаптарын және полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзу белгілерін анықтады, — деп жауап берді ол.
Вице-министрдің айтуынша, ҚР ІІМ қызметтік міндетін атқарып жүрген және полиция формасын киген қызметкерлердің мұндай әрекетке баруын орынсыз деп санайды.
— Бәлкім, біз консервативті көзқарастағы адамдар шығармыз. Бірақ полиция қызметкері өзін бұлай ұстамауы керек деп есептейміз. Тәртіптік комиссия оларды жұмыстан шығару қажет деп ұйғарды, — деді Игорь Лепеха.
Журналистер мұндай шешім полиция мен қоғам арасындағы байланысты ашық әрі азаматтарға бағдарланған ету жөніндегі ұстанымға қайшы емес пе деп те сұрады.
Игорь Лепеханың пікірінше, «Халыққа жақын полиция» қағидаты ең алдымен қызметкерлердің азаматтар қажеттілігіне көзқарасынан және өз міндетін қаншалықты сапалы атқаратынынан көрінуі керек.
— Қызметкер, ең алдымен, азаматтың қажеттілігін көріп, оған жауап бере білуі керек. Мысалы, қылмыс жасалса, оны барынша тез ашу қажет немесе қызмет атқарып жүрген кезде қылмыстың алдын алуы тиіс. Негізгі міндетіміз осы деп ойлаймын. Ал біз онда билеп, ән айтып жүрсек… Оның реті бола қоймас. Әрине, жұмыстан тыс уақытта, басқа жерде болса, өз еркі, — деді министрдің орынбасары.
Өткен аптада елордадағы туристік полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару барысында әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан босатылған еді.
Айта кетейік, жол апаты көп болатын жерлерге медициналық-құтқару бекеттері жақындатылады.
Көлік жүргізу құқығынан айырылғандар таксиде қызмет ете алмайды.
Сондай-ақ жаңадан көлік жүргізе бастаған азаматтарды даярлау сапасына талап күшейтіледі.