Қазақстандық жас робототехниктер әлемнің үздік төрттігіне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің 185 елінен жиналған командалар арасында қазақстандық оқушылар үздік төрттіктен көрінді.
Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық робототехника чемпионатында ұлттық құрама іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетті. Осылайша, қорытынды рейтингте төртінші орынға тұрақтады.
Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан чемпион атанған. Биылғы нәтиже де отандық жас инженерлердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін байқатты.
Ұлттық құрама сапында Алматыдағы Махатма Ганди атындағы № 92 мектеп-лицейінің оқушылары Хусейн Мақсұт пен Арнұр Абдулла да өнер көрсетті.
Бүгін оқушылар, робототехникадан жоба жетекшісі Нұрсұлтан Ергешпен бірге Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында тікелей байланысқа шығып, сұқбат берді.
Ұлттық құрама әлемдік кезеңге жолдама алу үшін алдымен Орталық Азиядағы іріктеу кезеңіне қатысып, 40 команданың арасынан үздік шыққан.
— FIRST чемпионатының бағыттары көп. Біз солардың ішіндегі ең күрделі жарыстардың бірі — Global Challenge сайысына қатыстық. Әлемдік деңгейдегі жарысқа жолдама алу үшін алдымен Орталық Азия іріктеуінен өттік. Оған елімізден 40 команда қатысты. Жарыста бірінші орын алған команда ғана әлемдік кезеңге жолдама алады. Біз іріктеуде жеңіске жетіп, жолдама алдық. Одан кейін Инчхон қаласында өткен жарыста өнер көрсеттік, — деді жоба жетекшісі.
Бұл чемпионаттың ерекшелігі — роботты тек ұйымдастырушылар ұсынған құралдар мен бөлшектерді пайдаланып құрастыру қажет екен. Қосымша бөлшектерді қолдануға рұқсат жоқ.
— Біз 11 кездесудің бәрінде де жақсы нәтиже көрсеттік. Дегенмен жарыс оңай болған жоқ. Матчтар әр сағат сайын өтіп отырды. Оның үстіне, ойын басталғанға дейін қарсыласымыздың қай команда болатынын білмейміз. Қарсыластар кездейсоқ анықталады. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, әр кезеңнен өттік. Бұл біз үшін ең қиын жарыстардың бірі болды, — деді команда жетекшісі Нұрсұлтан Ергеш.
Роботтың басты артықшылығы — допты тез жинау мүмкіндігі
Команда мүшесі Арнұрдың айтуынша, олар құрастырған робот доптарды жинап, белгіленген бағытқа лақтырады. Сонымен қатар арнайы механизмнің көмегімен робот 30 секунд ішінде жоғары көтеріледі.
— Роботта арнайы climb механизмі бар. Бұл механизм хэмп арқылы көтерілуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Ал Хусейн Мақсұт жарыстың қызықты болғанын, сонымен қатар тыңғылықты дайындық пен командалық үйлесімділікті қажет еткенін айтты.
— Жарыс маған ұнады, бірақ қиын болды. Кейбір қарсыластарымыздың дайындығы осал болды. Біз өзімізді барлық жағынан жақсы көрсете алдық, — деді Хусейн.
Оның айтуынша, өзге командалардың роботтары да тың инженерлік шешімдерімен ерекшеленген. Ал ұлттық құрама допты көп жинап, лақтыруға мүмкіндік беретін механизмге басымдық берген.
— Қарсыластарымыздың арасында Өзбекстан командасының роботы да мықты болды. Ол шағын әрі жылдам еді. Ал біздің робот үлкендеу болды. Жалпы, роботты ықшам етіп құрастырған дұрыс екенін түсіндік. Сонда ол жылдамырақ жұмыс істейді, — деді Хусейн.
Командалық жұмыс — жетістіктің негізі
Команда жетекшісінің пікірінше, робототехника жарыстарында міндеттерді дұрыс бөлу де маңызды.
— Бес оқушыдан құралған командада әр қатысушының өз жауапкершілігі бар. Екі оқушы роботты басқарса, біреуі бағдарламалық код жазады, ал қалған екеуі роботты құрастырады. Мәселен, Арнұр роботтың инженерлік механизмдерін әзірлеп, оны құрастырумен айналысады. Ал Хусейн инженерлік құжаттаманы дайындайды. Осылайша, команда мүшелері өзара тәжірибе алмасып, ортақ нәтижеге жұмыс істейді, — дейді ол.
Оның айтуынша, елімізде робототехника саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы бәсекелестік те жоғары.
Сондықтан халықаралық жарыстарға қатысу оқушыларға өз мүмкіндіктерін сынап қана қоймай, өзге командалардың инженерлік шешімдерін зерделеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жақында Қазақстандық оқушылар Бейжіңдегі робототехника чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды.