Қазақстандықтар Ливаннан аман-есен оралды — СІМ
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Ливаннан Қазақстан азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды.
«Аталған операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді», — делінген СІМ хабарламасында.
Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өткен БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйлеп, Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді.
Бұған дейін Израиль Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» нысандарына соққы беріп, 65 адам мерт болғаны хабарланды.
Сондай-ақ Израиль Ливанның солтүстік-шығысынан соққы жасағаны белгілі болды.
Ал Израиль тәулік ішінде Ливаннан 90 зымыран ұшырылғанын хабарлады.