Қазақстандықтар жаппай сенбілікке шығып, ағаш екті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік өтті. Оған мыңдаған адам қатысты.

Таза Қазақстан - Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облыстық ЖРО

Алматылықтар соғыс ардагерлері мен майдангерлер жерленген зиратты тазартты

«Таза Қазақстан» акциясы аясында алматылықтар Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен майдангерлер, жазушылар және елдің көрнекті қайраткерлері жерленген Кеңсай зиратында тазарту және абаттандыру жұмысын жүргізді. Жастар акция кезінде белсенділік танылып, зиратты қоқыстан тазартып, ретке келтірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өткенге тағзым етіп, майдангерлердің рухына құрмет көрсету, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған жұмыс. Акцияға студенттер, жұмысшы жастар және волонтерлік ұйымдар қатысты. Олар тазалық жұмыстарынан кейін тағзым етіп, гүл қойды.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Наурызбай ауданындағы сақ қорғаны аумағына ағаш екті. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында қолға алынған игі іс.

Ақтөбелік жастар «Таза қала» экологиялық акциясын бастады

Бүгін Ақтөбеде де сенбілік, ағаш отырғызу жұмысы жүрді. Түрлі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілері жан-жағын күл-қоқыстан арылтып, өзіне белгіленген аумақты жинады. Ал жастар болса «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Таза қала» 4 айлық экологиялық акциясының ашылу салтанатын өткізді. Табиғаттың жас жанашырлары бұл жолы 312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасының құрметіне қойылған зеңбірек ескерткіш-обелиск аумағын күл-қоқыстан тазалады.

сенбілік, Таза Қазақстан - Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облыстық ЖРО

— Бүгінгі сенбілік тек тазалық шарасы ғана емес, бұл бірлігіміздің, ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Қоршаған ортамызды таза ұстау — әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Табиғат — бізге аманат. Оны аялау, қорғау — болашақ ұрпаққа деген қамқорлығымыз, — дейді волонтер Абыл Кенжебек. 

сенбілік, Таза Қазақстан - Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облыстық ЖРО

Жалпы жастардың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйрету маңызды. Бүгін тазалық шарасына 150-ге жуық волонтер және Жастар ресурстық орталығының мамандары, студенттер қатысты.

— Тазалық жұмыстары — адамдарды біріктіретін, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын игі дәстүр. Бұл күн тек қоқыс жинау емес, бұл еңбек арқылы тәрбиелеу, ұрпаққа үлгі көрсету күні. Бәріміздің бірігіп атқарған еңбегіміз қаламыздың көркейіп, көгалданып, жайқалып тұруына себеп болады. Осындай іс-шаралар арқылы біз тек тазалықты ғана емес, бірлікті, ұйымшылдықты да насихаттаймыз, — дейді волонтер Жансейіт Қуандықов.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында діни бірлестік өкілдері де қалалық сенбілікке қатысты. Олар Алтын орда тұрғын алабына жиналып, Алаш даңғылы бойын тазартты. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 10 конфессияны қамтыған 98 діни бірлестік тіркелген.

Қостанайлықтар ағаш екті, Қызылорда жастары сенбілікке шықты

Ал Қостанайда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ағаш отырғызды. Акция Н.Назарбаев көшесінда, ірі сауда-ойын-сауық орталығынан бастап Мұхамеджанов көшесін қамтыды.

— Бағдарлама бүкіл ел бойынша экологиялық жағдайды жақсартуға, елді мекендерді абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған. Қостанай қаласында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өтті. Қала тұрғындары мен барлық мекеме қызметкері бірауыздан келіп, белсенділік танытты, — деді ұйымдастырушылар.

Таза Қазақстан - Қызылорда, сенбілік
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сонымен бірге қызылордалық жастар Жеңістің 80 жылдығына орай «Тағзым» алаңында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Соғыс қаһармандарына құрмет көрсету және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Жастар мемориал аумағын қоқыстан тазартып, абаттандырды.

Таза Қазақстан - Қызылорда, сенбілік
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сенбілікке шыққан 128 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпорын қызметкерлері 4 000 тоннадан астам қоқыс жинады. Саябақтар, шағын демалыс орындары, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандары, өзен, көлдер аумағы, жасанды су айдындары, субұрқақт, арық тазаланды. Жұмыс барысында 900-ден астам техникамен қоқыс тасымалданды, жер тегістелді. Айтып өтейік, биыл Қызылордада 95 353 көшет егілген.

Риддерде Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні атап өтілді

ШҚО-да Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні өтті, ал Риддер қаласында 3 мыңнан астам адам шығып, ағаш екті. Олар бүгін 5 мың көшет отырғызды. Оның ішінде 1500 шырша көшеті орман қорын молықтырды.

— Жыл басынан бастап Риддер мен оның маңына 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ал былтыр 8 мың көшет отырғызылған еді. Биыл барлық іс-шараға 5000-нан астам адам қатысты. Мұндай бастамалар қоршаған ортаны қорғайды әрі туған өлке табиғатына жауапкершілікпен қарауды үйретеді, — деп хабарлады ШҚО әкімдігі.

Қарағандыда отырғызылған ағаштың өз аты бар

Қарағандының Шахтинск қаласында да жасыл белдеу алаңы бар. Мұнда балалар мен ересектер бүгінде де ағаш екті. Жеңістің 40 жылдығы гүлзатына 300 түп қарағаш отырғызылды. «Толғанай» экологиялық сенбілігінің жас қатысушылары өзі еккен көшетке атау беріп үлгерді.

сенбілік
Фото: Қарағанды әкімдігі

— Көшеттер тәлімбақтан әкелінді. Ауа райына төзімді деп қарағаш отырғызылды. Бұған дейін егілген көшеттерді қараған кезде тез бейімделіп, жерсінетінін көрдік. Соның негізінде Жеңістің 40 жылдығы гүлзарына осы ағаштың көшеттері егілді. Былтыр бұл аумақта абаттандыру жұмыстары жүрді, — деді Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Арман Саттыбаев.

Бүгін қалада ескерткіш маңы да тазартылды. Еріктілер жалғызбасты қарттардың аулаларын жинады. Жалпы екі айлық тазалық жұмыстары кезінде барлығы 300 га аумақ жиналды, 400 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен бірге Шахтинск аумағына 1700-ден астам ағаш отырғызылды.

сенбілік
Фото: Қарағанды әкімдігі

Ал Теміртауда «Таза Қазақстан» акциясын Қарағанды индустриалды университетінің қызметкерлері мен оқытушылары қолдады. Олар ЖОО аумағына қайың отырғызды.

Түркістан облысында 49 тонна қоқыс жиналды

Түркістан облысы Шардара ауданында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке барлығы 1500 адам қатысып, 29 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 49 тонна қоқыс арнайы полигонға төгілді.

сенбілік
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жалпы биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында ауданнан 524 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар Шардара-Келес, Шардара-Жетісай, Шардара-Арыс облыстық маңызы бар күре жолдар бойына тазалық жұмыстары жүргізілді. Сауран ауданы Жүйнек ауылдық округінде орналасқан Даңқ аллеясы абаттандырылды. Оның ішіндегі шөп орылып, қураған бұта кесілді, ағаштар әктеліп, жасыл желекке күтім жасалды. Жаяу жүргінші жолдары мен орындықтар, жарықшамдар сырланып, қоршаулар боялды.

Атыраудың Құрманғазы ауданында 600 түп ағаш отырғызды

Атыраудың Құрманғазы ауданында ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік қызметшілер, орман шаруашылығы саласының мамандары, білім және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары және ауыл тұрғындары қатысты. Олар туған жердің ажарын арттыруға өз үлесін қосты. Іс-шара аясында аудан бойынша барлығы 600 түп ағаш егілді. Сонымен бірге акцияға 3000-ға жуық тұрғын қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен жасыл желекті кеңейту ісіне қолдау білдірді.

Сонымен қоса Премьер-министр Олжас Бектенов бастаған Үкімет аппаратының қызметкерлері Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында сенбілікке қатысты. Жалпы ауданы 68,5 мың шаршы метрден асатын EXPO саябақ аймағының аумағында қарағай, қайың және басқа да ағаш түрлерінің көшеттері отырғызылды.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бір топ мүшелерімен бірге ағаш отырғызды. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» акциясы бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды. Жұртшылық бұл бастамаға бірден қолдау көрсетті.

Айта кетейік, Ақтауда да «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері атсалысты. Олар 34-шағын аудандағы «Ана мен бала» орталығының аумағы мен 35-шағын аудан ішін қоқыстан тазартты. 

Таза Қазақстан - Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығы

Ал Жамбыл облысында 1 мың гүл отырғызылды. Бұл күні облыстағы барлық мемлекеттік мекемеде, оның ішінде мәдениет, білім, спорт мекемелері, діни орындарда, сонымен бірге, кәсіпкерлік, туристік нысандар, ірі сауда орындары, дүкендер мен мейрамханалардың аумағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар