Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны мектепке баруға дайындалып жүр
Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі миллиондық межені бағындырған қазақстандықтар туралы мақалалар топтамасын жалғастырады. Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны атанған Мүслима Саматқызы Талдықорған қаласында даярлық сыныбына барып жүр. Бүлдіршіннің анасы Диана Омарханова агенттікке арнайы сұхбат беріп, миллиондық баланың ата-анасы болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтып берді.

Мүслима Саматқызы 2017 жылы 11 мамырда Талдықорған қаласында дүниеге келді. Отбасында екінші бала.
«Қызымыз мектепалды даярлық тобына барып жүр. Мүслима өте зерек, оқуға ынтасы өте жақсы, сабақ оқығанды жақсы көреді. Қосымша үйірмелерге барады. Сурет салғанды жақсы көреді. Көркем гимнастикамен айналысады. Қалалық байқауларда түрлі орын алып үлгерді. Әзірге осындай жетістіктеріміз бар», — дейді Д. Омарханова.
Сол кездегі Алматы облысының әкімі болған Амандық Баталов Мүслиманың отбасына үш бөлмелі пәтер тарту еткен. Қазіргі уақытта отбасы осы пәтерде тұрып жатыр.

Мүслиманың ата-анасы Талдықорғанның № 29 орта мектебінде жұмыс істейді. Анасы дефектолог, әкесі — дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.
Кейіпкеріміздің Сұлтан атты ағасы, Әмина деген сіңлісі бар.

«Үш баламыздың арасындағы мінезі салмақты, байсалдысы осы Мүслима қызымыз. Мінезі тұйықтау, қыз балаға тән ұяң қалпы бар. Туғанда көпшіліктің батасын алған қыз, әлі де жақсы игі тілектер естіп келе жатырмыз. Ауылдағы ата-әжесінің тәрибесін, тәлімін алып келеді. Осының бәрі баланың мінезіне ықпал ететін шығар. Мүслима кішкентай болса да, арманы өзінен үлкен. Дизайнер болғысы келеді, кәсіпкер боламын дейді. Суретті де жақсы салады, суретші болғысы келеді», — дейді Диана Омарханова.
Сұхбат соңында Мүслиманың анасы 20 миллионыншы боп туған сәбилердің ата-анасы мен тұтас қазақ халқын құттықтады.

«Бұл — барша еліміздің ортақ қуанышы деп білемін. Осы сәтті пайдаланып, халқымызды бүгінгі жақсы жаңалықпен құттықтағым келеді. Еліміздің болашағы осы өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің қолында. Еліміздің демографиясы өсіп-өркендей берсін!», — деді ол.
Айта кетейік, 14 қараша таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.
Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді.

Ал Қазақстанның 17 миллионыншы тұрғыны Алтынбек Есқара 10 жасқа толды, ол Шымкент қаласында тұрады.
Бұған дейін демограф Аяулым Сағынбаева Қазақстанға халық санының өсуі неліктен маңызды екенін түсіндірген еді.