Қазақстанның бүкіл аумағында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның барлық өңірлерінде, сондай-ақ елдің үш мегаполисінде 15 қаңтарға күн райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК-сы.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында ауа райы күрт құбылып, қалың қар, боран, көктайғақ пен үскірік аяз қатар жүреді. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 25–28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Аймақтың бірқатар бөлігінде тұман түседі. Орал қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман болып, жел күшейеді.
Қарағанды облысының батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жаяу бұрқасын соғады. Облыстың оңтүстігінде жел екпіні кей сәтте 23 м/с-қа дейін жетеді. Қарағанды қаласында таңертең және күндіз боран болады.
Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында 15–17 қаңтар аралығында түнгі уақытта ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз болады. Осындай аяз Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерінде де болжанып отыр.
Ұлытау облысының батысы мен оңтүстігінде қар жауып, боран соғады. Жезқазған қаласында да жел күшейеді. Абай облысында тұман түсіп, желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде тұман түседі.
Ақмола облысында және Көкшетауда жолдарда көктайғақ болады. Астанада да көктайғақ жол қозғалысына қауіп төндіреді.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында қар мен боран соғып, тұман мен көктайғақ болады. Тараз қаласында тұман болуы мүмкін. Түркістан облысының таулы өңірлерінде жауын-шашын күшейіп, қар аралас жаңбыр жауады, жел екпіні артады. Шымкент пен Түркістан қалаларында да жел күшейеді.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында тұман түседі. Алматы қаласында 15 қаңтарға қараған түні және таңертең тұман түседі. Қонаев қаласында да түнгі және таңғы уақытта тұман болады.
Қызылорда облысында түнде қар жауып, күндіз жауын-шашын (негізінен қар) болады. Облыстың бірқатар бөлігінде боран, көктайғақ және тұман болады.
Ақтөбе облысында жаяу бұрқасын соғып, жел күшейеді. Маңғыстау облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, көктайғақ пен боран болады. Атырау облысында қар жауып, тұман, көктайғақ болады.
Сонымен қатар «Қазгидромет» 16–17 қаңтар күндері Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қалың қар, боран, көктайғақ және температураның айтарлықтай төмендейтнін ескертеді. Кей өңірлерде түнде аяз 20–25 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарды алыс жолға шықпауға, ауа райы күрт нашарлаған жағдайда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Қыс мінез көрсетіп тұр, ал бұл күндері сақтық — ең басты талап.
Осыған дейін қар аралас жаңбырдан кейін Ақтау көшелерін су басқаны туралы жаздық.
Ал Атырауда көктайғаққа байланысты қозғалыс қиындап, оқушылар қашықтан оқиды.