Қазақстанның қай өңірлерінен сирек металдар табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сирек кездесетін металдар қоры бар 10 учаскеде барлау жұмыстары аяқталды.

сирек металдар
Фото: DALL-E

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров бұл аумақтарда геологиялық барлау жұмыстарымен қандай компаниялар айналысатынын айтып берді.

— Үкімет тапсырмасына сәйкес, біз жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында 12 жерде жұмыс жүргіздік. Оның 10-ында барлау жұмыстары аяқталды. Біз тапқан ең ірі аумақ — Күйректікөл учаскесі, мұнда сирек металдардың шамамен 20 млн тонна өндірістік қоры бар, — деді Ерлан Акбаров Үкіметте өткен брифингте.

Басқа өңірлерде де тантал мен ниобий сияқты сирек металдар табылып, мемлекеттік есепке алынған. Дәлірек айтқанда, Оңтүстік Қазақстанда 3, Шығыс Қазақстан облысында — 2, Солтүстік Қазақстанда — 3 нысан бар.

— Біз іздестіру-бағалау жұмыстарын аяқтадық. Енді барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Әрі қарай бұл жұмыстармен нақты инвесторлар айналысады. Қазір бұл учаскелерді «Тау-Кен Самұрық» компаниясына беру мәселесі қаралып жатыр. Бұл шешімдердің бір нұсқасы, — деп атап өтті комитет басшысы.

Сондай-ақ, спикер Корей геология институтымен (KIGAM) бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысында литий кен орындарын тапқанын айтты. Қазіргі таңда барлау жұмыстарын жүргізу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. 

— Онда литий мен оған ілеспе сирек металдар қоры бар. Қор бар жерде біздің де үлес болады. «Тау-Кен Самұрық» компаниясының да белгілі бір үлесі болуы мүмкін, — деді Ерлан Ақбаров.

Сонымен бірге, бұған дейін канадалық компанияның Қазақстанда геологиялық барлау жүргізуге лицензия алғаны хабарланған еді.

— Канадалық компания «бірінші келу» қағидатымен барлауға лицензия алды. Онда қазақстандық тараптың үлесі жоқ. Олар барлауды өздері жүргізіп, кенді де өздері өндіретін болады, — деп толықтырды комитет төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстан сирек жер элементтері бойынша әлемдік ондыққа кіруі мүмкін.

Сондай-ақ, экспорттық шектеулер сирек жер элементтерінің бағасын шарықтатып жіберген. 

Соңғы жаңалықтар