«Қазатомөнеркәсіптің» топ-менеджерлері екі айға қамауға алынды — ҰҚК
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен департаментінің бас менеджері Е. Байқұлов екі айға қамауға алынды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, 2026 жылғы 26 қарашада тергеу сотының санкциясымен Омарбеков пен Байқұловқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
— Бұл шешім тағылған айыптың сипаты мен ауырлығын ескере отырып қабылданған. Сондай-ақ тергеу барысында ықтимал сыбайластар мен куәларға қысым көрсетуге, дәлелдемелерді және қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасыруға жол бермеу мақсаты көзделген, — делінген хабарламада.
Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған процестік әрекеттер жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін бұған дейін ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және өзге де адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысты деген күдікке ілінген.
26 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының директорлар кеңесі кейінгі кадрлық өзгерістер мен компания басшылығы өкілдерінің бірінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар бойынша ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады.