Жылыту маусымы 1 қарашада басталуы керек – Әлихан Смайылов Кентауға барды
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Кентау қаласының ЖЭО-сына барып, ондағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Кazinform бұл туралы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кентау Жылу электр орталығы 3 мыңнан астам нысанды, оның ішінде көпқабатты және жер үйлерді, коммерциялық және бюджеттік ұйымдарды жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта мұндағы 6 қазандыққа соңғы 10 жылда бірінші рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр.
«Бүгінгі таңда 4 қазандық толығымен дайын. Қалада жылыту маусымы жоспар бойынша 1 қарашадан басталуы керек. Сонымен қатар қосымша 2 қазандық күрделі жөндеуден өтеді, бұл да ЖЭО жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр облыс әкімдігіне жылыту маусымы қалыпты өтуі үшін жабдықтардың барлығын жедел және сапалы түрде іске қоса отырып, тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Еске салайық, бүгін Әлихан Смайылов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.